Жануардағы адамға тән сезімдер

Жануардағы адамға тән сезімдер
Фото: veganmaster.com

Дамыған технология арқылы жасалған зерттеу нәтижелері бұрынғы антропологиялық орталықтардың «жануарлар адам секілді сезіне алмайды» деген пікірін жоққа шығармақ. Себебі жануарлар біз секілді ләззат алып, қуана да, тіпті көңілдерін көтере де алады. 
Жануарлар әлеміне қарап отырсаңыз, олар ойнап, секіріп сырттай өздерін бақытты секілді көрсетеді. Мәселен дельфинді алыңыз, суда жүзуі, біркелкілігі ақылды аңның бейнесін анық көрсетеді. Әрі ол суда ойнағанды жақсы көреді. Сол секілді күшікке де ойнаған ұнайды. Ол тіпті ойын үшін жаралған жануар секілді. Ең қызығы күшіктер ойын қуған сайын ақылды болады. Олардың сезіну түйсігі ойын қуған сайын дамиды. Олар адаммен немесе өзге күшіктермен ойнауға тырысады. Екі жақтан ешқандай нәтиже болмаса, басқа бір серік іздеуге кетеді. Бұл күнделікті көзімізге жай нәрсе секілді көрінгенімен, күшіктердің де іштей құлазуы болады. Тіршіліктен ешқандай пайда таппаған күшік ең ақыры заттармен немесе құйрығымен ойнайды. 

Этолог Марк Бекофф қар үстінде ойнақтап жүрген бұландарды ұзақ аңдыған. Нәтижесінде бұландар акробаттар деңгейінде өнер көрсеткенін, олардың ойын кезінде ешқандай шаршау күйін бастарынан кешпегенін байқаған. Ең кереметі бұландар жасыл алқаптан қарға арнайы келетін болған. Ал олардың келуі тек ойын үшін. Өйткені оларға мұз үстінде сырғанау және қарда ойнау қызық көрінген. 
Пілдер алпыс жылдай өмір сүреді. Олардың өмір сүру өлшемі тістеріне байланысты. Себебі пілдердің алты тісі болады. Алты тістің соңғысы түскен кезде олар тамақ жеуден қалады да, аштықтан өледі. Ал олардың әлеуметтік өмірі, сезімдері өз алдына бір бөлек дүние. Мәселен бір-бірін танитын пілдер жайылым кезінде көрісіп қалса, амандасады. Ал бұл амандасуды олар бізге көрінбейтін күлкімен білдіреді. Пілдерді отыз жылдай зерттеген Цинтия Мосс былай дейді: «мен пілдерге қараған сайын таң қаламын. Өйткені олардың сезімдері адамдар секілді. Амандасады, қоштасады тіпті бір-біріне көңілдерін де білдіреді. Ал олардың нағыз қуанышын бір-бірін көрген кезде анық байқауға болады. 

Жануарлар тек ойынның немесе қуаныштың ғана күйін сезінбейді. Олар қайғыны да білдіре алады. Пілдердің арасында біреуі өлген жағдайда қалған пілдер бірнеше күн оған деген көңілдерін білдіру үшін үнсіз әрі белгілі бір мінез көрсетіп жүреді. Бұл сырттай сізге білінбеуі мүмкін. Бірақ Ц.Мосс секілді зерттеушілер үшін бұл анық байқалады. 

«Адам маймылдан жаралған» дейтін пікірді ұсынған Чарльз Дарвиннің өзі 1872 жылы жарық көрген «Адамдар мен жан-жануарлардың сезімдері» атты кітабында да жануарлардың адам секілді сезіне алатынан көрсеткен. 

М. Ақан