Француз сән-салтанаты: Карин Ройтфельд

Француз сән-салтанаты: Карин Ройтфельд
Фото: vk.com

Француздық сән-салтанат. Француздық стиль.

Осы тіркестерді естігенде көз алдыңызға бірден талғампаз Карин Ройтфельд келетініні анық. Ол – бар саналы ғұмырын сән өндірісінің өнерге айналуына ерен еңбек етіп келе жатқан бірегей тұлға. Ол – талай дизайнерлер мен фотографтардың музасы. Ол – француздық сән-салтанаттың өкілі. Ол – мінсіз әйел.

Егер бұл әлемде талай туындыда жырланған нағыз француз әйелінің жалғыз үлгісі болатын болса, ол – Карин Ройтфельд. Оның келбеті, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, бәрі-бәрі жанарды жаулап, жадыңда ұзақ сақталады.

Ал мұндай есте қалар ерекшелікке қалай қол жеткізуге болады? Бұл мәселеге қатысты Карин ханымның ережелерінен артық кеңес таппайсыз. Вуаля!

№1 ереже: Артықшылықтарыңызды анықтаңыз

Адамдар, әсіресе, қыздар қауымы адамның кемшіліктерімен қатар, артықшылықтары да бар екендігін ұмытып кетіп жатады. Бұл тұжырым ішкі жан дүниеге де, сыртқы келбетке де байланысты. Сондықтан, киім таңдаған кезде, тек мүсініңіздің кемшіліктеріне ғана тоқталып көңіліңізді түсірмей, керісінше, өзгеден ерекшелеп тұратын тұстарыңызды ұтымды көрсете білуге тырысыңыз. Оларды киім, аксессуар, макияж арқылы үнемі бұрынғыдан бетер көркемдей түсіңіз. «Мен өз дене бітімімнің артықшылықтарын жақсы білемін. Макияж жасаған кезде де қою қастарым мен көздерімді әсерлі ету мақсатында қара түсті көз бояуын пайдаланамын. Дене бітімімнің әдемілігін де қара түсті әрі қонымды көйлектер арқылы көрсетуге тырысамын. Жалпы, мендік образ рок-н-ролл стиліне келеді» – дейді Карин.

 №2 ереже: Сән қумаңыз

Әр мезгіл сайын трендтегі киімді аламын деп әуре болмаңыз. Уақыты өтіп кететін дүниеге қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Fashion журнал редакторының өзі сән қумайды екен. Оның гардеробында соңғы сәнге сай киімдерден гөрі, all-black (тұтас қара түсті), all-white (тұтас ақ түсті) және all-khaki (тұтас хаки) стиліндегі киімдер саны басым болып шықты.

№3 ереже: Өз болмысыңызды сырт бейнеңізбен көрсетуді үйреніңіз

Киім, сырт келбет әрқашан адамның кім екенін көрсетіп тұруы тиіс. Ыңғайлы әрі арзан деп кез келген киімді кие беру – үлкен қателік. «Менің сәнге қатысты сөздік қорымда “ыңғайлы” деген сөз мүлдем жоқ. Жүріп-тұруға ыңғайлы киімдегі бикеш өзіне тән ерекшелікті жоғалтып алатындай көрінеді. Себебі балеткалар киген адам өзінің қалай қозғалатыны туралы ойламайды. Ал, биік тақалы әдемі туфли киген қыз бірден еңсесін тік ұстап, сырт көзге эстетикалық көркемдік сыйлайды. Себебі тақа сіздің әйел адам екеніңізді ұмыттырмайды».

№4 ереже: Бәрінен бұрын бет-әлпетіңізге мән беріңіз

Өз образыңызды міндетті түрде бет-әлпетіңізден бастаңыз. «Бір қараған адамға менің бетімдегі макияжым ұқыпсыз жасалып, ал, шашым дұрыс сәнделмегендей көрінетіні анық.

Бірақ бұл – таңдау, мендік стиль. Себебі, сәл ғана немқұрайлылық маған ерекшелік сыйлайтындай көрінеді. Есесіне, мендік таңдау мен талғамды ешкім шатастырмайды. Қобыраңқы шаш пен ретсіз боялған көз – нағыз Carine Style екені барша сән өндірісіне мәлім».

№5 ереже: Тек өзіңізге үйлесетін киімді ғана таңдаңыз

«Мен соңғы 20 жылда бір-бірінен аса айырмашылығы жоқ, өте ұқсас киімдер киемін. Бар болғаны, белдемшенің ұзындығы ғана өзгеріп тұрады.

Мұндай қалыптасып қалған стильдің болуы сізге сенімділік сыйлағаннан бөлек, қажеті жоқ киімдер алып, босқа ақша жоймауға көмектеседі».

А. Оралқызы