«Беу, қыздар-ай» байқауы: Академиялық стиль

«Беу, қыздар-ай» байқауы: Академиялық стиль
Фото: Серик Байбульсинов

Киім кию үлгісінде академиялық стиль біраз уақыт бұрын пайда болды. Бұл педагог, профессор, өнертанушы секілді басқа да өз өмірін ақыл еңбегімен байланыстыратын зиялы адамдар өкілі тұтынатын стиль. Іскерлік костюмдерге жақын, бірақ өз ерекшелігі бар.

Академиялық стильдің басты элементтері – пенжак, белдемше, жейде, кардиган, шалбар, көйлек. Сәндік бұйымдар ішінен көзілдірік, мойын орамал, ірі әсемдік бұйымдар, жіңішке белдік, винтаждық сөмке және портфель.

Белдемше, шалбар, пенжактар жүннен жасалған, қатты матадан тігіліген болуы тиіс. бұл стильде белдемшенің ең қысқа түрі тізенің сәл үстінде тұрады. Бұл нұсқа студент қыздарға жақсы жарасады.

Академиялық стильге сай келетін аяқ киім кішкене өкшелі не өкшесі жоқ болғаны дұрыс. Биік өкшелі аяқ киім таңдағанда да өте ыңғайлы, бекем өкше болуын назарда ұстау қажет. Бармақ та, өкше де көрінбейтіндей жабық аяқ киім алынады.

Жаға-жеңі жоқ кеудешелер бұл стильге сәйкес емес. Ең ұтымды таңдау – кең тұратын жейде болмақ. Көйлек болсын, белдемше болсын қынама түрін таңдау, яғни белді айқындап, қынап тұратын киім үлгісін алу дұрыс. Қалпақ, берет секілді бас киімдер осы стильмен қатар жүреді.

Бұршақ, тор реңктері қисынды келеді. Академиялық стильде киінгенде аяққа ештеңе кимей жүруге болмайды, қалың не жұқа селдір колготки киген дұрыс.

Колледж, университет студенттері академиялық стильде киінгісі келсе, шаш үлгісі қарапайым болғаны жөн, кейде сәл ұйпалақтанған болуы да мүмкін. Шашты жай ғана жіберіп не қарапайым етіп резеңкемен буып қоюға болады.

Мұндай киім стилімен кітапханаға, мұражайға, театрға баруға болады, сонымен бірге күнделікті өмірде қолдану да ағаттық саналмайды. Белдемше ұзындығы да, жейде жабықтығы да адамның тұлғалық бейнесін танытып, зияткер, кербез екенін білдіреді.

Киімдерді қалай үйлестірсеңіз де, бойыңызға жарасымды, деенңізге ыңғайлы болғаны абзал.

@. @assel_assanova