Белдемше түрлері және оларды үйлестіру

Белдемше түрлері және оларды үйлестіру

Белдемше – бұл әйел қаруы және әйел адамына тән биязылық пен нәзіктікті айқындап тұратын да осы белдемшелер. Алайда, түрлі үлгідегі белдемшелерді басқа киімдермен үйлестіре алу да маңызды рөл атқарады. Белдемше киюдің де өз ережелері бар екенін ұмытпайық.

- Ұзын белдемше бейнеге сымбаттылық береді, сырт көзге белді сәл тартып көрсетеді және мүсінді сәл ұзартады. Белдемшеңіз кеңірек болған сайын, үстіңізге киетін жейде қарапайым әрі шағын болғаны дұрыс. Міндетті түрде топ, жейде немесе жакеттің ұзындығы бел сызығынан асып кетпегенін қадағалаңыз – ұзын белдемше бейберекет қабаттарды ұнатпайды.

- Қысқа белдемше үстіңгі бөліктің барынша жабық болуын қалайды. Кеудесі ашық және еліктіретін топтармен үйлескен белдемшеңіз сізді сәнқой арудан бірден жеңілтек аруға айналдырады. Сондықтан мини-белдемшелерге жабық жібек блузкаларды, кең және casual стиліндегі жейделерді таңдаңыз. Егер мұндай белдемшені биік өкшемен немесе платформамен киюді ойласаңыз, онда үстіңізге қысқа жакет киіңіз.

- 1940 жылы Диор ойлап тапқан қарындаш-белдемше – офистік стильдің ең танымал үлгісі. Стилистер қарындаш-белдемшені қынама бел жакетпен, жемпірмен, қонымды водолазкамен немесе жағасы үшкір крахмалданған жейдемен үйлестірген дұрыс деп кеңес береді. Есіңізде болсын, мұндай белдемшені міндетті түрде өкшесі бар туфлимен киген жөн, онсыз ол басты көріктілігінен айрылады.

- Бәйшешек-белдемшенің үстіңгі жағы кең, астыға қарай тарылған болып келеді. Мұндай белдемшені офистен гөрі жиын-кештерге киген орынды. Баршын, иірілген жіптен, атлас және тафтадан тігілген бәйшешек-белдемше той-томалаққа киюге әбден жарайды. Бәйшешек-белдемшені биік өкшелі аяқ киіммен немесе платформамен киген жөн. Балеткалармен мұндай үлгі қисынсыз көрінеді. Ал үстіге қысқа болеро, қондырма блузка жақсы жарасады. Егер белдемше қара немесе ақшыл сары болса, онда қанық түсті жейдемен, ал егер белдемше өзі жарқын түсті болса, онда бейтарап түсті жейдемен киген жөн.

- Макси-белдемшені жазда қысқа топпен киюге болады. Көктем мен күзде мұндай белдемшені қондырма водолазкамен немесе қынама бел жакет немесе блейзермен киген дұрыс. Ал қыста бейнені алды ашық тоқылған кардиганмен, сонымен қатар ұзартылып тоқылған немесе үлбір жилетпен толықтыруға болады.

- Қара белдемше, қара түс сияқты – әмбебап. Онымен барлық киімдерді үйлестіруге болады, бірақ белдемшемен киілетін кологоткаға назар аударған жөн: ол қара түсті, немесе үстіңгі киімнің реңімен үйлесуі қажет, бірақ киіміңіздің жалпы гаммасынан ауытқып кетпеуі керек.

- Былғары белдемшелер әрдайым сәнде. Олар былғары жакет немесе шифон блузкамен керемет үйлеседі. Биік өкшелі етікпен толықтырылған былғары белдемшемен қыс мезгілінде жиын-отырыстарға бара аласыз. Қатаң үлгідегі миди жабық блузка және жакетпен жұптасуды талап етеді. Трапеция үлгісіндегі ұзын былғары белдемше ашық түсті тоқылған жемпірмен (мысалы, қыша түстес немесе күлгін) немесе қарапайым ақ жейдемен үйлеседі.

- «Егер не киеріңді білмесең – қызыл бірдеңе ки». Бүгінде қызыл түсті киімдер – үздік модельерлердің топтамасында жиі кездеседі. Қызыл белдемшені сарғыш немесе қызғылт жемпірмен, көк колготка немесе ашық жасыл топпен киюге қорықпаңыз. Қызыл белдемше классикалық қара атлас пиджакпен де керемет үйлеседі.

Сурет: izum.ua, womanonly.ru, medfox.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina