Ондай жігіт керек емес #2

Ондай жігіт керек емес #2
Фото: Мөлдір Қалмұрат

БАСЫ

Көлігі жоқ жігітті таңдағысы келмейтін қыздар үнемі ақшадан таршылық тартқан немесе аса дәулетті отбасында туып, анасының «өзімізбен тең отбасының жігітімен сөйлес» деген сөзі құлағына сіңіп қалатын болар. Алайда жігітімнің көлігі бар деп үнемі «анда баруым керек», «мында жеткізіп тастаңызшы» дей беретін болсаңыз, «мен оған көлігім үшін ғана керек секілдімін» деп жігіт өзін нашар сезінуі мүмкін, тіпті сізден тез жалықса да таңданбаңыз. Оның үстіне әкесінің көлігін мініп алғандар маңдай терімен келмеген дүниенің қадіріне жетпей, көп нәрсеге атүсті қаратын болуы мүмкін.

Бай жігіт. Бай жігіттің көлігі болады, жоғарыда аталған жағымсыз қасиеттер бұл жігіттің де бойынан табылады. Әкенің байлығы балаға мұра болып жарытпайды. Қиыншылық көрмей, «жоқ» деген сөзді түсінбей өскен бала өмір сүре білмейді, бардың қадірін бағаламайды. Үш ұрпағына жететін байлығы болса да, басында ақылы болмаса, бар мұрасын бір күнде жоқ етуі де мүмкін. Бар байлығы таусылғанда, бәйгеге әйелін тігетін құмар ойыншыларды еске түсіріңіз.

Қолы аузына жететін орташа дәулеті бар, әр іске икемді жігіт әкесінің мұрасына мастанған ақылсыз жігіттен мың есе артық. Адам ақшасы көбейген сайын адамгершілігі азая түседі. Қайтсем ақша табам деген ойдың жетегінде кетіп, адами құндылықтардан алшақтай береді. Ал жалаңаяқ болса да, бар байлығы басының ішінде өскен жігітпен жұптассаңыз, сізді бақытты ете білетініне сене беріңіз. Бірге жүріп тірнектеп жинаған табыс тәттірек боларын естен шығармағайсыз.

Жуас, жеңіл мінезді жігіт. «Тек сен ренжіме», «тек сен көңілді жүрсең болды», «қалағаныңды істей бер», «менен рұқсат сұрамай-ақ қойсаң да болады» деп қызды тым еркінсітіп жіберетін жігіт көпшілік қыздың талғамына сай. Бірақ, мұндай жұмсақтықты бағалап, өзі де иіліп тұратын қыз бар да, жуастығын өз ұпайына пайдаланып, «жігіттің басына шығатын» қыз тағы бар. Қай қазақтың анасы ерін дегенімен жүргізіп, отбасының тізгінін өз қолына алған? Көп отбасында күрделі мәселелерді аналар шешкенімен, бәрібір соңғы шешімді әкелер қабылдайды. Енді елестетіп көріңізші, сіз жарыңыздың айтқанына көнбей, үкіміне қарсы шығып отырсаңыз, жарына сөзі өтпейтін әкені қандай бала сыйлайды? Ал әкесінің тілін алмайтын баладан қандай азамат шығады?!

Жазылған ойларға келісесіз бе? Қайшы пікірлеріңіз болса, жасқанбай жазып отырыңыздар.

@. @assel_assanova