Бастығым күн бермей жүр...

Бастығым күн бермей жүр...
Фото: Илья Алешковский

Қыздар, жұмысқа қатысты проблема туындап тұр. Мен жұмыспен қамту орталығында жұмыс жасаймын. Бізде екі бастық бар. Біреуі кіші, ал екіншісі үлкен бастық.

Мені үлкен басшы жұмысқа алған. Менің кейде өлең жазып тұратыным бар. Бірінші кездерде ол кісі маған басқаша қарап, түйіндемедегі номерімді алып телефон шала беретін. Әкемнен де үлкен кісі болғандықтан, жаман ойым болған жоқ. Бірақ кейін алдына жиі шақыртып ала беретін болды.

Бір күні ол кісі маған: «Қашан маған өзіңнің өлеңдеріңді оқып бересің? Мен сені өлең жазатын болғаннан кейін алдым» деді. Мен: «Жұмыстан қолым бос кезде өлеңдерімді апарамын алдыңызға» дедім. Ол маған: «Жоқ, жұмыста бізге кіріп шығып кедергі жасайды, одан да екеуміз оңаша ешкім жоқ жерге барайық» деді. Мен содан кейін ол кісіден қорқатын болдым. Алдына шақырғанда қорқып барамын. Енді өзінің жаман ойын іске асыра алмағаннан кейін, мені оңашаға шығара алмағаннан кейін, жұмыстан шығаруға сылтау іздеп жүр.

Жұмыста істейтін бір кісіге: «Егер бірдеңе болса айтыңдар, жұмыстан шығарып жіберемін» депті. 

Не істейін, жұмыстан шығып кетейін десем, үйдегілер себебін сұрайды. Ал мен оны айта алмаймын. Шықпайын десем, өзімді қорланғандай сезініп жүрмін. Не істейін? Ол кісінің мені жұмыстан шығарып жібергенін күтіп жүрейін бе, әлде өзім жұмыстан кетейін бе? 

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

Ф. Абилова