Болашақ жездем қырындап жүр

Болашақ жездем қырындап жүр
Фото: Дулат Сепбосынов

Сәлем, қыздар! Мен Массагет сайтындағы "Құпия" айдарын ашқандарыңыз үшін алғыс айтқым келіп тұр. Қазақ қыздарына елге айта алмайтын сырларын ашуға мүмкіндік бергеніңізге рахмет!

Менің жасым 20-да. Колледжді бітіріп, жұмыс іздеп жүрмін. Менің нағашы әпкем бар. Оқуға түскенге дейін екеуміз үнемі бірге жүретінбіз. Ол маған көмектесіп, ақыл қосатын. Қазір аса жиі араласпаймыз. Себебі, екеуіміз екі қалада тұрамыз.

Ол осыдан алты ай бұрын бір жігітпен танысып, араласты. Екеуі жүріп бастап, енді үйленгелі жатыр. Екеуі құрдас, жастары 25-те.

Жігіт бұрын үйленбеген, жағдайы жақсы, үй іші бүтін адам. Алайда бір мәселе бар...

Қазір мен әпкем тұратын қалаға қайтып келдім. Осында маман болып қалғым келеді. Әпкем жездеммен таныстырып, араласуымызды жөн көрді. Екеуі бірнеше рет кино, кафеге барғанда мені де ала жүрді. Ол кезде жігіті маған "балдыз" деп ойнап сөйлесетін. Ал қазір, сырға салған соң үйге жиі келеді. Менімен оңаша қалғанда, әңгіме айтып, қасымнан кетпейді. 

Басында жай ойын шығар деп жүргенмін. Алайда соңғы рет ол маған "сен сұлу қызсың, жігітің бар ма?" деп сұрақ қойды. "Иә" деп жауап бергенде "әттең, әттең..." дегені бар. Бұдан кейін әпкеммен көріспеуге тырысамын.

Үйіне жәрдемдесуге шақырса, мың сылтаудың бірін айтып үйден шықпаймын. Бір жағынан айтайын десем, жаман адам атанамын ба деп қорқамын. Бір жағынан әпкемді мұндай суайт адамға қимаймын.

Не істеймін? Қандай амалым бар?

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

Ф. Абилова