Массагеттен мәзір: Жұмыртқа қосылған бәліш

Массагеттен мәзір: Жұмыртқа қосылған бәліш
Фото: massaget.kz

Жұмыртқа - ағзаға өте пайдалы әрі ақуызға бай тағам.  Бәліш әзірлегенде оны тек қамыр құрамына ғана емес, бәліштің ортасына да салуға болады. Ұсақталған ет, сүзбе, алма, банан, басқа да жеміс-жидектер қосылып пісірілген бәліштерді жиі кездестіреміз. Ал бүгін арасына қайнатылған жұмыртқа қосылып даярланатын ерекше бәліш мәзірін ұсынамыз.

Алдымен қамырын дайындап аламыз.

450 гр ұнға 1 шай қасық қопсытқыш, 1 шай қасық тұз және 1 ас қасық ұн салып, жақсылап араластырамыз.

Ыдысқа 200 мл қаймақ құямыз.

100 гр кілегей майын ерітіп аламыз.

Ерітілген кілегей майын қаймақтың үстіне құямыз.

Оған 1 жұмыртқа салып, жақсылап араластырамыз.

Дайын қоспаны ұнның үстіне құйып, араластырып, қамыр дайындаймыз.

Дайын қамырды қаптамаға салып, тоңазытқышта 30-60 минут шамасында ұстаймыз.

3 пиязды төртбұрыш етіп тураймыз.

Туралған пиязға аздаған тұз қосып, жақсылап араластырып, сөлінен арыламыз. Оған аскөкті турап саламыз.

5 жұмыртқаны ұзынша етіп тураймыз.

Пияз, аскөк және жұмыртқаға қара бұрыш салып, майонезбен араластырамыз.

Тоңазытқыштан қамырды алып, тең төрт бөлікке бөлеміз.

Суретте көрсетілгендей қаңылтыр табаға дөңгелек етіп иленген екі қамырды саламыз.

Иленген қамырдың ортасына дайын жұмыртқа қоспасын саламыз.

Суретте көрсетілгендей алдымен қамырды дөңгелек етіп илеп аламыз. Содан соң, ортасынан кесенің көмегімен кіші дөңгелек оямыз.

Бәлішімізді екінші қамырмен жабамыз. Шеттерін бекітеміз. Бәліштің бетіне жұмыртқа жағып шығамыз. Пеште 180 градуста 40 минут шамасында пісіреміз.

Жұмыртқа қосылған бәлішіміз дайын!

Құрметті Массагет оқырмандары, өздеріңіз жасаған мәзірлеріңізді суретке түсіріп, massagetkz@gmail.com поштасына жолдауларыңызға болады. Суреттер сапалы болса, міндетті түрде жариялаймыз. Егер суретке түсіруге мүмкіндігіңіз болмаса, рецептісін жазып жіберіңіз. Асыға күтеміз!

А. Жапатова