Мәзір: "Ет қосылған бәліш"

Мәзір: "Ет қосылған бәліш"
Фото: ellada-russia.ru

Кез келген адам дәмді тағамдарды ұнатады. Бірақ кез келгені ас әзірлеуден гөрі дәмді ас жегенді көбірек ұнататынын мойындай бермейді. Сондықтан кезекті материалымызда оңай әзірленетін етті бәліштің дайындалу жолдарын ұсынуды жөн көрдік.

Қажет азық-түліктер:

Қамырына:

- 200 г сары май;

- 2 тал жұмыртқа;

- 2 ас қасық суық су;

- 400 г ұн;

- бір шымшым тұз.

Салмасына:

- 1 кг фарш;

- 1 бас пияз;

- ақжелкен;

- 2 тіс сарымсақ;

- тұз;

- бұрыш;

- 1 жұмыртқаның сарысы.

Азық-түліктерді түгендеп алған болсақ, іске кірісейік.

1. Май мен ұнды араластырып, пышақпен бөлшектейміз.

2. Суық су, тұз және қант қосамыз.

3. Қамыр жабысқақ болуы тиіс, енді оны жақсылап араластырамыз. Құмды қамырға қатты ұқсайды, бірақ оған қарағанда жұмсақтау.

4. Қамырды целлофанға салып, тоңазытқышқа салып қоямыз.

5. Ет фаршын тұздап, бұрыш себеміз. Пиязды тазалап, кесеміз. Сарымсақ пен ақжелкенді де жуып, кесеміз. Артынша барлығын жақсылап араластырамыз.

6. Қамырды екі бөлікке бөлеміз: 2/3, 1/3. 2/3 қамырды жайып, қаңылтыр табаға саламыз. Үстіне фарш салып, бетін екінші қамырмен жабамыз. Екі қамырдың шетін өзара біріктіреміз.

7. Ішіндегі салмасы жақсылап пісу үшін бәліштің тура ортасын тесеміз. Бетіне жұмыртқаның сарысын жағамыз.

8. Бәлішті 180 градуста қызып тұрған пешке 50-60 минутқа салып қоямыз. Осымен бәлішіміз дайын. Астарыңыз дәмді болсын!

Жоғарыда айтқанымыздай, бәлішіміз жылдам әрі оңай әзірленеді. Оны кішкене балақай да әзірлей алатын шығар. Бұл дәл сіз іздеген мәзір деген ойдамыз!

Құрметті Массагет оқырмандары, өздеріңіз жасаған мәзірлеріңізді суретке түсіріп, massagetkz@gmail.com поштасына жолдауларыңызға болады. Суреттері сапалы болса, міндетті түрде жариялаймыз. Егер суретке түсіру мүмкіндігіңіз болмаса, рецептісін жазып жіберіңіз. Асыға күтеміз!

Қ. Бүйенбай