Қазақ жігіттері болашақ жарын қалай таңдайды?

Қазақ жігіттері болашақ жарын қалай таңдайды?
Фото: Олег Баранов

Жыл сайын Қазақстанда ажырасатын отбасылардың саны артып келеді. Бұл тәжірибесіздіктің салдарынан болса керек. Бұрын ата-аналар баласының кімге үйленіп, кімге жар болатындығын өздері шешіп, отбасы ұйыған айрандай тату-тәтті өмір сүретін. Ал қазір жағдай қалай? Жастар отбасын қалай құрады? Жігіттер болашақ жарын қалай таңдайды? Осы сұрақтардың жауабын «Радиоточка» іздеуге тырысқан екен. Олай болса, қазақ жігіттерінің болашақ жарын қалай таңдайтынын сіз де біле жүріңіз.

«Қазақта «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» деген мақал бар. Осы сөздің жаны бар. Ең алдымен, бүгінгі жігіттердің жарын қалай таңдайтынын анықтайық», - дейді автор.

«Кез келген затты таңдайтын кезде ескеретін шарттар болады. Ол зат міндетті түрде талғамымызға сай келеді. Бүгінгі қыздардың құны қанша және жігіттер оларға не үшін қызығады? Таныстарымыздың, достарымыздың, ағайын-бауырларымыздың арасында сауалнама жүргіздік. Олардың айтуынша, қыз ең сұлу, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы орташа, ЖОО бітірген, қызыл дипломы болса, тіпті жақсы, орыс, ағылшын тілдерін біліп, көлік айдап, кез келген ортада өзін ұстай алуы тиіс. Баға жетпес асыл жар деп осыны айт!»

Автор жоғарыда аталған қасиеттердің келінге, болашақ жарға еш қажеті бола қоймайтындығын да айтты.

«Осындай «заманауи» қыздың тұрмысқа шыққанын елестетіп көріңізші. Енді оған басқа талаптар қойылады. Оған ағылшынның не қажеті бар? Енесімен тіл табысу үшін бе? Ал қайын атасы мен ағасына шай құйып беру үшін қызыл дипломның немесе көлік жүргізу куәлігінің еш қажеті жоқ», - деп автор болашақ жарға деген талаптың басқа болатындығын айтты.

Қазіргі бойжеткендер, күйеуімнің барлық туған-туысқандарына жағуым шарт емес деп ойлайды. Тіпті сүйіктісінің де көңілін аулай алмайды.

«Күйеуі жұмыстан шаршап келген кезде әйелі алдынан жүгіріп шығып, аяқ киімін шешіп, оның аяғын жуып береді деп ойлайсыз ба? Қайдан. Ағылшын тілін білетін, қолында қызыл дипломы бар қыз мұндайға бармайды. Ұрыс-керіс, ажырасу дегендердің барлығы осы жерден басталады.

Қыз бала әйел болған кезде талаптардың түбегейлі өзгеретіндігін түсінуі тиіс. Келінге «беташар» жасаған кезде өзінен кіші қайын інілері мен сіңілдеріне де иілтеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Бұл келіннің отбасының барлық мүшесіне құрмет көрсетуі керектігін меңзейді. Қазақтар сан ғасырдан бері салт-дәстүрлерін құрмет тұтып келеді. Осының арқасында жастар ешуақытта ажыраспаған. Бала жетім қалып, жесір жыламаған», - автор бұл жолы салт-дәстүр мен кішіпейілділіктің керек екендігін айтып өтті.

Ата-бабаларымыздың заманында қыз баланың тәрбиесіне қатты мән берген. Оларға болашақ ана, жар ретінде қараған.

«Әрине, болашақ жарың сұлу, ақылды, ауқатты отбасынан болса, нұр үстіне нұр жауады. Бірақ мұның барлығы - басты қасиетті толықтырушылар. Қыз бала болашақта ақылды жар болуы үшін бойында нәзіктік, сезімталдық сынды қасиеттер болғаны абзал. Жасы үлкендер, ең алдымен, осыған назар аударған. Әжелеріміз отағасына қарсы келмей, айтқанын орындап, отбасының берекесін кіргізіп отырған», - деп қорытты автор.

Ал сіз қалай ойлайсыз, болашақ жарыңыздың бойында қандай қасиеттер болуы керек?

Дереккөзі: ztb

Қ. Бүйенбай