Қандай ЖОО таңдаймын? Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ

Қандай ЖОО таңдаймын? Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ

Ұлттық бірыңғай тестілеу уақыты жақындап келетіндіктен, Қазақстандағы ең таңдаулы оқу орындары туралы әңгімемізді жалғастырғымыз келеді. Өткен жолы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне саяхат жасаған болсақ, бүгін тағы да бір ЖОО-ға жолымыз түсті.

Құрылуы мен дамуы жағынан ең үлкен тарихы бар Қ.И. Сəтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті – еліміздегі алдыңғы қатарлы Жоғары оқу орны болып саналады. 1934 жылы іргесін қалаған оқу орны 1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университеті атауын еншіледі. 80 жылдық тарихы бар университет құрылғаннан бері техникалық білім беру бойынша сапалы мамандар даярлауға елеулі үлес қосып келеді.

Бүгінде техникалық білім мен ғылымның қара шаңырағы аталып отырған Қазақ ұлттық техникалық университеті  200 ғылым докторы мен 500-дей ғылым кандидаты мен доценттер болашақ инженерлерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруде.

ҚазҰТУ 2004 жылы сәуір айында Болонья қаласында “Magna Charta Unіvesіtatun” университеттерінің Ұлы хартиясына қол қойып, өзінің Еуропа жоғары білім аймағына кіретінін заңдастырған болатын. Өзге халықаралық техникалық оқу орындарымен қарым-қатынастары жөнінде айтар болсақ, Американың Гирне университетімен, Швецияның Корольдік технология институтымен, Колорадо Тау-кен мектебімен, Мәскеу болат және қорытпа институттарымен бакалавр, магистрлер мен PhD докторларын бірлесіп даярлап, қос диплом беру жөнінде келісімшарттарға қол жеткізілді.

Университетте Қытай, Ресей, Египет, Пәкістан, Моңғолия, Тәжікстан, Иран, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдерден 600-ден астам шетелдік студенттер білім алуда.

Қазіргі таңда елімізде индустриялық қоғам орнату мақсатында аянбай еңбек етіп жатқан университет түлектерінің арасынан шыққан министрлер, облыс, қала, аудан әкімдері, ұлттық компаниялар басшылары бар.

Қ. И. Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінде білім беру  қызметін 7 салалық институт,  халықаралық оқу орнынан кейінгі жоғарғы білім беру “Excellence PolyTech” институты, қашықтықтан білім беру институты жүргізеді.

Университет: 

техникалық бейінді 29 білім беру бағдарламасы бойынша және техникалық емес бағыт бойынша 18 білім беру бағдарламасы бойынша бакалавр;

50 білім беру бағдарламасы бойынша магистр;

24 білім беру бағдарламасы бойынша PhD докторлар;

колледж негізінде 18 қысқартылған білім бағдарламысы бойынша бакалавр;

Кипр университетінің 5 халықаралық бағдарламасы бойынша бакалавр;

екінші жоғары білім беру негізінде  46 білім беру бағдарламасы бойынша бакалавр даярлауды жүзеге асырады

Университет құрамында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен әскери құрамына офицерлердің қосалқы құрамын даярлайтын әскери істер институты бар. «Жобаларды басқару» және «Инновациялық менеджмент» сияқты жаңа мамандықтар да ашылды. Бакалавриат мамандықтары туралы толық білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.

Техникалық оқу орнында студенттерінің студенттік өмірі барынша тәтті естеліктерге толы болып өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Студенттер жатақханалармен қамтамасыз етіліп, сабақтан бос уақытта «ҚазҰТУ көктемі» сияқты фестивальдер, әр түрлі іс-шаралар өтіп отырады. 

Төменде көрнекті қазақ геологі, академик Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне жасаған саяхатымыздан фоторепортаж ұсынбақпыз:

ҚазҰТУ-дағы институттар:

Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты

Ө.Байқоңыров атындағы тау-кен металлургиялық институты

Ә.Бүркітбаев атындағы Өнеркәсіптік инженерия институты

Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институты

Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институты

Экономика және бизнес институты

Жоғары технологиялар және тұрақты даму институты

Ақжан Машани атындағы Базалық білім беру институты

Әскери дайындық институты

Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру  және халықаралық

қашықтықтан білім беру институты

 

Ақпараттық-қатынастық технологиялар жөніндегі Корей-Қазақ білім беру орталығы:

Семинар сабақтары өтетін аудитория:

"Микробиология және су химиясы лабароториясы:

Компьютер бөлмесі:

Оқытушылар бөлмесі

ҚазҰТУ студенттері:

Шағын жиналыс залы:

Футбол алаңы:

ҚазҰТУ-дың жатақханасы:

Арнайы Massaget.kz үшін: Айгерім Сматуллаева, Мейіржан Әуелхан