ҰБТ. Қандай ЖОО таңдаймын? әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ҰБТ. Қандай ЖОО таңдаймын? әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Massaget.kz порталы талапкерлерге ЖОО таңдауға көмектеседі. Қандай қалаға, қандай университетке тапсыратыныңызды шешпесеңіз, біздің жаңа цикліміз арқылы таңдау жасай аласыз. Енді біз Алматы қаласындағы алдыңғы қатарлы ЖОО-на шолу жасайтын боламыз. Алғашқы сапарымыз – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне жасалды.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие Қазақстан  білімі мен ғылымының ірі орталығы, білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы. Қарашаңырақ биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. ЖОО-ның негізі 1934 жылы қаңтардың он бесінші жұлдызында қаланған. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық саласында табысты еңбек етуде.

ҚазҰУ – еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының бірінші иегері. Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру бағдарламалары бойынша 401-450 дәрежеге енді. Университетте еліміздің барлық аймағынан келген 20 мыңнан астам студент, сондай-ақ алыс-жақын шетелден келген студенттер білім алады.

Оқытушы-профессорлар құрамы – 2500 мың адамнан асады, олардың арасында 400-ден аса ғылым докторы, профессорлар, 800-ден астам ғылым кандидаттары, доценттер бар.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды.

Университеттің 14 факультетінде беделді ғылыми мектептер шоғырланған, олар: механика-математика, физика, биология, химия, филология, журналистика, тарих, география, философия және саясаттану, экономика және бизнес, заң, шығыстану, халықаралық қатынастар, шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультеті. 

Университет жанында сонымен қатар колледж, біліктілікті көтеру институты және түлектері қосымша әскери мамандық алып шығып, ҚР Қарулы күштері қатарында, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында, кеден қызметі мекемелерінде қызмет етуге мүмкіндік беретін әскери кафедра жұмыс істейді.

2003 жылы 16 қыркүйекте Еуропадағы белгілі Болонья (Италия) университетінің қабырғасында университет Дүниежүзілік университеттердің хартиясына қол қойды. Сөйтіп, ҚазҰУ Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттері жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып Еуропалық білім кеңістігіне кірді.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі мамандықтар тізімін мына жерден көре аласыздар және университет туралы толығырақ ақпаратты ҚазҰУ-дың арнайы сайтынан білуге болады.

Ал біз саяхатты бастаймыз!

Алдарыңыздағы ғимарат – Қазақ Ұлттық Университетінің бас корпусы. 15 қабаттан тұратын мекемеде университет ректоры және басқа да оқу меңгерушілері отырады. Дәл осында университеттің мұражайы орналасқан. Құрметті тұлғалар мен шетелдік қонақтар бас корпуста қабылданады.

ҚазҰУ-ды басқа білім ордаларынан ерекшелеп тұратын тағы бір керемет – ҚазҰУ студенттер қалашығы. Қалашық құрылысы сонау 1971 жылы басталған. Бұл қалашықтың салынып, осы күнге жетуіне Өмірбек Асланұлы Жолдасбековтың сіңірген еңбегі зор. Жетпісінші жылдары мұндай қалашықтар Кеңес Одағының небәрі 5 қаласында болған екен. Ал Азия елдерінде алғашқысы болды. 

Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы – ҚазҰУ қалашығының інжу-маржаны деуге де болады. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркемөнер үйірмелері, «Біз» студенттер театры, КТК командасы жұмыс істейді.

Іле Алатауының баурайында орналасқан бұл мекен ерекше көркімен кез келген кісіні өзіне баурап алатыны сөзсіз. 

Студенттер "біздің қалашықтың ауасы Алматының ауасынан өзгеше" деп әзілдеп те жатады. 

Қазіргі күнде ҚазҰУ қалашығында 5000-ға жуық білім ізденуші жастар тұрады. Жастардың бос уақыты пайдалы әрі қызықты өтуі үшін барлық жағдай жасалған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, университетте 14 факультет бар және олардың әрбіріне жеке оқу корпустары тұрғызылған.

Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің аудиториясы.

ҚазҰУ-дың қабырғасында күн сайын әртүрлі қызықты іс-шаралар өтіп тұрады.

Былтырғы жылы ғана құрылысы аяқталған әл-Фараби кітапханасы – Орта Азиядағы ең үлкен кітапхана саналады. Орта Азиядан ойып орын алатын кітапхана 6 бөлімнен тұрады. Су жаңа кітапханадағы 2 миллионға жуық кітаптың 60 пайызы орыс, 30 пайызы қазақ тілінде болса, шет тілдеріндегі кітап 10 пайызды құрайды. Кітапханада электронды каталог та жұмыс істейді. Бұған дейін, әр факультетте орналасқан оқу залдары мен кітаптар толығымен осында көшірілген. Ғимарат алдында "әлем бақшасы" ашылып, ең алғашқы көшеттер былтыр ғана отырғызылған.

ҚазҰУ қалашығының өмірі әрбір студентке естен кетпес тәтті сәттерді сыйлайды.

Жастар бос уақыттарында табиғат аясында серуендеп, салауатты өмір салтын жүргізе алады.

Кешқұрым қалашықтан гитарамен, домбырамен ән салған жастардың дауысын естіп, саябақтарда қол ұстасып жүрген ғашықтарды көре аласыз. Ролик, велосипед тепкен жігіттер мен қыздарды да ұшырастыруға болады. Бақытты жастық шақ деген осы шығар?

Университет Қазақстандағы аса ірі интранет желісіне қосылған, 3500 заманауи компьютерден тұратын корпоративтік ақпараттық жүйе құрылған, сондай-ақ компьютер сыныптары жұмыс істейді. Сонымен қатар тәулік бойы істейтін 300 орындық Интернет-орталық бар. Студенттік билетіңіз болса, 1 сағат тегін ғаламтор қызметін пайдалануға болады.

"Керемет" студентке қызмет көрсету орталығы әрбір студенттің талабын қанағаттандыру үшін жұмыс істейді.

Тамақтандыру комбинатынан өзіңізге ұнайтын кез келген тағамды таба аласыз.

Спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған (ҚазҰУ қалашығының спорт кешені, Студенттердің спорттық клубы, түрлі секциялар, денсаулық топтары жұмыс істейді). Қызметкерлер мен студенттердің спартакиадасы ұдайы өткізіліп, олардың қалалық жарыстарға қатынасуы қамтамасыз етіледі.

ҚазҰУ қалашығында бірнеше студенттер үйі бар. Жатақхана өмірі де қызықтарға толы.

Мұнда студенттің алаңсыз білім алуына барынша жеткілікті жағдайлар жасалған.

 

Қала ішіндегі қалада алаңсыз өмір сүруге болады. Мұнда дүкендер, жеміс лашықтары, дәріхана, кинотеатр, медициналық пункт, автотұрақ, бизнес орталық жұмыс істейді. Тіпті, шағын кафетерийлер де бар. 

Университет ішінде сенбіліктер, қоғамдық шаралар, дәстүрге айналған түрлі фестивальдар, сайыстар өткізіліп тұрады. Студенттер сарайы жұлдыздардың концерттік бағдарламаларынан босаған емес.

Осыншама мүмкіндік ұсынып отырған ҚазҰУ өз студенттеріне бір ғана талап қояды, ол – сапалы білім алып, білікті маман атану. 

Ал таңдау жасау сіздің құзырыңызда!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Massaget.kz