Шаш сәнін күні бойы сақтау үшін

Шаш сәнін күні бойы сақтау үшін

Ерекше шаш сәнін жасау – тәжірибені талап ететін мәселе, оны күні бойына сақтау да оңай шаруа емес. Еңбекпен жасалған шаш сәнін ұзағырақ уақытқа сақтау үшін кейбір сырларды біліп жүріңіздер.

Ерекше кештерге, отырыстарға барғанда қыздар қарапайым шаш байлау мен түюден басқа, ерекше шаш сәнін жасауға тырысады. Шаш сәні үйден шыққан бойда бұзылмау үшін стилист-шаштараздың кеңестерін есте сақтаңыздар.

  • Шашқа арналған опа қолданыңыз. Бұл құралды бас терісіне, шаштың түбіне себеді, нәтижесінде опа шашқа көлем беріп, бұл көлемді күні бойына сақтайды.
  • Шашын бұйралаған қыздар уақыт өте бұйраланған шаштары түзуленіп кету сынды қиындыққа тап болады. Осындай шаш сәнін жасаған болсаңыз, күні бойы шашыңызды саусақтармен абайлап сілкіп тұрыңыз, бұл бұйра шаштардың сақталуына көмектеседі.
  • Жалпы қол астында сөмкеңізде шашқа арналған қандай да бір құрал ұстап жүрген жөн. Күні бойы шаш сәніңізді жөндеп, шығып кеткен шаштарды соның көмегімен дұрыстай аласыз. Ол шашқа арналған лак, гель не қалауыңыз бойынша басқа құрал бола алады.
  • Егер сіздің шашыңыз тез майланатын болса, таңғы мінсіз шаш сәні кешке бұзылып кетуі мүмкін. Өзіңізбен бірге құрғақ сусабын ұнтағын ұстап жүріңіз. Оны шаштың түбіне сеуіп, шаш майлығынан уақытша арыла аласыз.
  • Жұмыстан не оқудан бірден кешкі кездесуге аттануға тура келсе, мынандай шаш сәнін жасап көріңіз. Шашыңызды өсу бағытына қарсы тарап, "начес" жасаңыз. Үстінен шашқа лак сеуіп, шаш сәнінің тұрақтылығын қамтамасыз етесіз. 
  • Ал шашы түзу, жылтыр болғанын қалайтын арулар арнайы косметикалық құралдарды қолданғаны жөн. Шаш сәнін жасаудың алдында термоқорғау көрсеткіші бар шашқа жылтыр беретін құрал қолданыңыз. Ол шашқа ұзақ уақытқа күтім көрсетеді.
  • Қазіргі суық кездері жел, жаңбыр шаш сәніңізді құртпасын десеңіз басыңызға бас киім не орамал тағып жүріңіз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: zimbio.com

С. А