Аяқтап болып, махаббат дейтін сапарды...

Аяқтап болып, махаббат дейтін сапарды...
жеке
блог

     Тарихта сүйгеніне қосыла алмай өмірден өткен жандар қаншама? Ия, ғашықтар туралы айтқанда жеті ғашық есімізге түсетіні белгілі. Олар Ләйлі-Мәжнүн, Жүсіп-Зылиқа, Фархад-Шырын, Таһир-Зухра, Арзу-Қамбар, Бозжігіт-Қарашаш, Зияда-Хорлы. Бұлардың  әрбіреуінің есімі, әрбіреуінің махаббат хикаясының тарихтағы орны ерекше. Бірақ мен айтайын деп отырған ғашықтар басқа. Олар туралы әңгіме қозғағанда киелі 362 әулиелі Маңғыстау тарихына үңілсек, бұл даланың ондай аңыз-әңгімелерден кенде емес екендігінің куәсі боламыз.

         Талай жанның атақоныс асыл мекеніне айналған өлке. Бұл жердің тарихы басқалардан өзгешелеу. Ол туралы аңыз да, өлең де тек оған деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті арттыртпаса, азайтпасы анық. Тарихын таспен өрген мекеннің әрбір тасы киелі. Қасиетті өлкенің әр ескерткіші тарихты еске салады. Солардың арасында тағдырдың қатал сынына ұшырап, әділетсіздікке мойын ұсынбастан арманда кеткен Маңғыстау ғашықтарының да ескерткіштері бар. Тас мүсіндер қыршыннан қиылған жас өмір мен пәк махаббатының жолында құрбан болған қос мұңлықтың бейнесін бейнелеп тұрғандай. Ешбір жанды бей-жай қалдырмайтын осы бір махаббат дастандары сол ғашықтардың рухының биіктігінің бір көрінісі секілді. Ендеше Маңғыстаудың тарихында аты ғана емес, ескерткіші де олардың өмірде болғандығының бір дәлелі сияқты болған кімдер? Әрине, Құрымсы-Кежек, Ақбөбек-Қайып, Ақшора-Белтұран, Асалы-Көкетай, Қаработа-Дөңқара.

     Маңғыстау жұртшылығының аузында Ақбөбек пен Қайып туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Солардың бірінде Ақбөбек ақылына көркі сай сұлу болып бойжетеді. Ата-анасы жалғыз гүлінің бай емес, кедей емес өз теңіне қосылғанын қалайды. Ақбөбектің сүйгені етікші Қайып. Бірақ Ақбөбекке ғашық болып жүрген бай баласы Итбайдың Есбергені де бар. Қайып сүйгенін бірнеше рет алып қашады. Олардың шынайы махаббатының белгісіндей баласы да дүниеге келеді. Алайда, қос ғашықтың жасырынған жерлерін Есберген біліп қойып Қайыпты өлтіртіп, олардың сәбиін мұзға тастатып, ал Ақбөбекті алып кетеді делінсе, енді біреуінде Ақбөбекті айттырған жеріне ұзатып, Қайып елге өкпелеп Тәжік жеріне кетеді дейді. Етікші Қайыптың Ақбөбекке шығарған бірнеше әні мен өлеңдері де баршылық. Соның бір нұсқасын композитор А.В.Затаевич «Қазақтың 1000 әні» жинағына енгізген.

Ал Маңғыстау мекеніндегі Шетпе аулынан 18 км жерде орналасқан «Ақмыш бағында» Ақбөбек арудың мүсіні қойылған.

Сондай-ақ бұлардан басқа XIX ғасырдың басында өмір сүрген Асалы-Көкетай күмбезі Бейнеу ауданы, қазіргі Опорный станциясынан 50 шақырым жерде орналасқан.

     Көкетай Табын ауылының айттырылып қойған қалыңдығы, әкесі Дүйсенбай Мамыртай руына белгілі атақты бай кісі. Асалы Қаратоқа-Жеменей руынан шыққан кедей жігіт. Көкетайдың әкесінің жылқышысы болып жалданып жұмыс істейді. Асалы мен Көкетайдың да тағдыры да басқа ғашықтардың тағдырына ұқсас. Асалы Көкетайды Бозашыға алып қашады, бірақ қуғаншылар қуып, Асалының түбіне жетеді.

Асалы-Көкетай күмбезі армандарына жете алмай...әлі күнге бір-бірін үнсіз күтіп тұрғандай...

     Міне, тарихқа терең үңілген сайын өзің үшін осы күнге дейін белгісіз болып келген қаншама мәліметпен танысасың. Бұл ғашықтардың тарихта болғанын жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстау өлкесінің адамдары білмесе, енді біреулер тек атын естіп, кесене, ескерткіштерінің бар екендігін білмеуі де мүмкін. Шын мәнінде бұл ғашықтардың тарихы ҚАЗАҚ тарихының бір кішкентай бөлшегі ғана.