- Негізгі бет
- Аспаздық
- Анар жидегінің пайдасы...
Анар жидегінің пайдасы
Күз - бірқатар жемістер пісетін кез. Соның бірі – анар. Анар көпшілік ойлағандай жеміс емес, ол - жидек. Ескіден халық данышпандары анар жемісінің пайдалылығын анықтаған. Әуелгі баста Пәкістан мен Ауған елдерінде өскен жидек бірте-бірте Еуропаға келіп, Италия, Португалия, Исландия елдерінде жаңа сұрыптары пайда болған. Қиыр Шығыс халқы бұл жидекті «Жеміс-жидектердің патшасы» деп атайды. Тіпті, анардың түбі патша тәжіне ұқсағандықтан, солай атап кеткен деген аңыз бар.
Қиыр Шығыс халқы «адам баласы күніне бір шиша анар шырынын ішсе, ешуақытта обыр ауруына шалдықпайды» деген нанымды ұстанған. Уақыт өте келе, анардың зиянды ісікке төтеп беретін күші бар екенін ғалымдар дәлелдеген.
Анар жидегінің құрамында А,В,С,Е дәрумендері мен калий, йод, темір, кремний, кальций сияқты минералды заттар бар. Ал анар шырынында шарап немесе көк шәйға қарағанда антиоксиданттардың мөлшері өте көп.
Латын тілінен аударғанда «granatus» «дәнді дақыл» деген мағына береді. Анардың бірнеше сұрыпы бар. Ол оның қабығының түсіне байланысты анықталады. Қатты қызыл, қызғылт, алқызыл түсіне қарап оның тәтті я қышқыл екенін анықтауға болады. Қабығы тегіс, құрғақ әрі қатты болса, жидек әбден пісіп жетілген.
Анар шырыны жайлы
Анар шырыны асқазан, бүйрек, бауыр, өт, диабет, анемия, қан тамыр аурулары асқынған кезде көмекке келеді. Сондай-ақ, анар шырынын физикалық, лазерлік, химиялық терапия мен радиациялық сәулелер қабылдағаннан кейін ішкен жөн. Себебі, анар шырыны емнен кейін ағзада қалып қойған зиянды қалдықтардың көзін жояды.
Диетолог мамандар күніне үш мәрте анар шырынына 1 ас қасық бал қосып ішуге кеңес береді. Бұл ем атеросклероз, анемия, жүрек ауруларының алдын алып, иммунитетті күшейтеді. Алайда, ағзасында қышқыл мөлшері шамадан көп жандарға анар шырынын пайдалануға мүлдем болмайды.
Анардың емге дәру қасиеті
Анар құрамындағы С дәрумені ағзаны сыртқы орта әсерінен қорғайды. Ауыз қуысы, тері, тамақ, тіс, инфекциялық аурулардың алдын алады. Салқын күндері тұмау мен суық тиюден сақтайды. Анар адам ағзасындағы кез келген дерттен айығуға жол ашады. Қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін арттырып, иммунитетті күшейтеді.
Анар жидегі немесе оның шырыны, әсіресе, мектеп оқушылары мен сынақ тапсырғалы жатқан студенттерге аса пайдалы. Оның құрамындағы минералды заттар мен жеміс-жидек қанты ми жұмысын жақсартып, ойлау қабілетін арттырады.
Гастрит, асқазан жарасы т.с.с түрлі асқазан ауруларымен зардап шегетін жандардың анар шырынын қайнаған сумен араластырып, пайдаланғаны жөн. Себебі, шырын құрамындағы әр түрлі қышқылдар асқазан ауруларын асқындырып алуы мүмкін.
Есіңізде болсын!
- Тамақ ауырған кезде анар қабығы көмекке келеді. Анар қабығын үккіштен өткізіп, оған қайнаған ыстық су құйыңыз. 10 минуттан кейін тұндырып, күніне 2-3 ас қасықтан үш мәрте ішіңіз.
- Ангина кезінде тамағыңызды анар шырынымен шайқаңыз. Бұл емді стоматит ауруында да қолдануға болады (тек қышқыл анардың дәндерін пайдаланбаңыз).
- Ыстығыңыз көтеріліп, қан қысымыңыз төмендегенде не жоғарылағанда бір стақан анар шырынын ішіңіз. Араға 1,5-2 сағат уақыт салып, емді қайталаңыз.
- Анар ағашының жапырақтары да пайдалы. Жапырақтарды кептіріп, кейін қайнатып шәй түрінде пайдалануға болады.
- Анар шырыны қатты қышқыл болмауы керек. Қышқыл шырын тіс эмалінің құрылымына кері әсерін тигізеді.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: elhow.ru, centr-molodosti.ru
Ғ. Ұзақ