- Негізгі бет
- Денсаулық
- Стоматит дертіне шалдықсаңыз...
Стоматит дертіне шалдықсаңыз
Өзіңізді нашар сезініп, ауыз қуысында аппақ түсті кішкентай жаралардың пайда болғанын байқасаңыз, сіз стоматит ауруына шалдықтыңыз. Стоматит ауруы біртіндеп пайда болып, алдын алмаса, жедел қарқынмен асқынып кетеді. Алдымен ауыз қуысы, тіл, таңдай, еріндердің үстіне аппақ жаралар шыға бастайды. Кейін аузы ашылып, ауа, су, тағам тиген сайын аши түседі.
Стоматит қалай пайда болады?
Әдетте, стоматит қызамық (скарлатина), қызылша (корь), авитаминоз, қан және тері ауруларымен қатар келеді. Бұл жағдайда стоматит инфекциялық жолмен беріліп, жұқпалы түрде таралады.
Тұрмыстық жағдайда стоматит химиялық бұйымдарға аллергия түрінде пайда болады. Яғни, кейбір күшті химиялық заттарға адам ағзасы төтеп бере алмайды.
Сондай-ақ, қатты ыстық я суық тағамдарды көп мөлшерде пайдаланғанда, ағзаға суық тигенде, жеке бас гигиенасын сақтамағанда, тісті дұрыс тазаламағанда, тазаланбаған шемішке шаққанда, тіс щеткасын ұзақ ауыстырмағанда, антибиотикалық дәрелерді ұзақ қабылдағанда стоматиттің пайда болуы мүмкін.
Әлсіз иммунитетте ауыз қуысында көп мөлшерде болатын патогенді микроағзалар (белсенді емес) қарқынды түрде асқынып, стоматиттің пайда болуына жол ашады.
Стоматиттің алғашқы белгілері
Стоматит кезінде ауыз қуысындағы жаралар көбейіп, ас-су пайдалануға, тіс тазалауға, ауызбен терең демалуға, дәрі қабылдауға кері әсерін тигізеді. Ағза ыстығы көтеріліп, ауыз қуысында сілекей көптеп жиналады. Ерін үстіндегі жаралардың аузы ашылып, сары су ағады.
Стоматитті тұрмыстық жағдайда қалай емдеуге болады?
- Стоматиттің алғашқы белгілері пайда болған кезде ауыз қуысын күнделікті қайнатылған сумен бірнеше мәрте шайып тұрыңыз. Қайнатылған суға йод, ас содасы, тұз қосуға болады.
- Сарымсақ бөліктерін алып, тіс иектерін, таңдай, тіл, еріндеріңізді ысқылаңыз.
- Жаралардың үстіне көп мөлшерде көк дәрі (зеленка) жағыңыз. Бірақ оны сілекеймен бірге жұтып қоймаңыз.
- Жараларға картоп тілімдерін басуға болады.
- Түймедақ (ромашка), жалбыз (мята), сәлбен (шалфей) т.с.с. сияқты дәрі өсімдіктерді қайнатып, суыған соң, ауыз қуысын әр екі сағат сайын шайып тұрыңыз.
Ескерту!
Стоматит кезінде шемішке шағуға, қышқылды өсімдіктерді (апельсин, лимон, анар т.б.) пайдалануға, алкогольді ішімдіктерді ішуге, қатты ыстық я суық тағамдардан дәм татуға болмайды!
Есіңізде болсын!
Стоматиттің алғашқы белгілері пайда болған сәтте-ақ, жедел түрде дәрігерге қаралған жөн. Себебі, стоматитті «қалыпты дерт» деп санауға болмайды. Стоматит өзі пайда болып, тез арада өзі жойылып кететін ауру емес. Оған салғырт қарамаған абзал. Дәрігер өз кезегінде аурудың деңгейіне байланысты ем-дом жасап, қандай дәрілерді қабылдауға болатынын айтады. Себебі, бұл аурудың асқынған деңгейінде, яғни әр кезеңінде әр түрлі дәрілер беріледі.
Сондай-ақ, стоматитті емдеумен қатар, ол аурудың алдын алуға қатысты ем шараларын жасаған жөн. Жеке бас гигиенасын сақтап, ауыз қуысын дұрыс тазалау керек. Аурудан айыққан соң, тіс щеткасы мен гигиеналық және косметикалық далаптарыңызды ауыстыруды ұмытпаңыз!
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: medzapros.ru, belriem.org
Ғ. Ұзақ