Арнайы репортаж. Алматыдағы "Романтикалық трамвай" туралы білесіз бе?

Арнайы репортаж. Алматыдағы "Романтикалық трамвай" туралы білесіз бе?

Алматы — қонақжай қала. Көшелері өте көрікті, ал тұрғындары жылы шырайлы.  Олар кез келген азаматқа жол сілтеп, әрдайым көмектесуге дайын тұрады. Ал қаламызға қонақ болып келген ғашықтардың ең бірінші қай жерге баратынын білесіз бе? Егер Көк төбе немесе Медеу мұз айдынына барады деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені олар ғашықтардың мекеніне асығады. Кезекті материалымызда massaget.kz тілшісі ғашықтардың мекені  «Романтикалық трамвай» кофеханасы  туралы арнайы репортажын ұсынады.

Алматыға келгеніме 3 жылдың төңірегі болды. Алайда мен Алматының барлық қызығы мен шыжығына толы мекендерін аралап шықтым деп ойлап жаңылысқан екенмін. Себебі қоғамдық трамвай көлігін кофеханаға айналдыруға болатыны туралы ойламаппын. Достарымызбен бірге әдетте таңертеңмен спорт алаңында футбол ойнайтынбыз. Кейіннен белгілі бір жағдайлармен кестемізді кешкі уақытқа ауыстырдық. Сол күні барлығымыз мәз-мейрам болып, өзімізді ретке келтіре салып әрқайсымыз үйлерімізге тарастық. Алаңнан шыға беріп едім, көзім сүйкімді келген қызыл түсті трамвайға түсті. "Қызықтап тұра беремін бе?" деп  жақындай келе мұның күнделікті көріп жүрген трамвайдан мүлдем өзгеше екенін байқадым. Іші жолаушыларға толы екен. Сөйтіп, мен бұл туралы өзгелер де міндетті түрде білуі керек деп, арнайы репортаж жасауға шешім қабылдадым.

Романтикалық трамвай кофеханасы – алматылық студенттердің бірегей жобасы. Мұның барлығын Бақтияр, Нұркен, Павел есімді ҚМЭБИ университетінің үш студенті ойлап тапқан. "Жігіт ойлағанын жасайды" демекші, олар жұмыстың бар ауыртпашылығына қарамастан, осындай күрделі іспен айналысуға бел буады. Жұмысты жігіттер «Алматы депо» орталығында трамвай мәселесін шешуден бастайды. Ол жерде түрлі келеңсіз жағдайға тап болады. Студенттер мәселені реттеуге жарты жыл уақыттарын жұмсайды. Ақыры 1976 жылы құрастырылған чехиялық трамвайға ие болады.

Нино (досы): "Мен өзімнің достарымды мақтан тұтамын, себебі олар қаржылық, техникалық қиындықтарға мойымай, өздерінің психологиялық тұрақтылығын көрсетті", – дейді.

Бақтияр: "Бұл ойдың пайда болғанына екі жылдан асты, әр түрлі қиын жағдайларға тап болдық, өмір болғаннан кейін жеңіс те, жеңіліс те болады, бастысы – нәтиже болса болғаны".

Михаил Чашков пен Нино

Бар үстелі

Келушілерге арналған дойбы, шахмат және мафия ойындары

Бақтиярдың олай деуі орынды. Бір жылда не көрмеді десеңізші, сырлау-әрлеу жұмыстары, техникалық олқылықтар, құжат рәсімдеу т.с.с. Нәтижесі – бес деген баға. Трамвайда 27 орындықты 7 үстел мен бар үстелі орналасқан. Ал сәндік дизайны керемет. Қабырғасы – құмарлықты білдіретін қызыл түс. Жігіттердің қажырлы еңбегі өз жемісін көп күттірмеді.

Трамвайға жұптар бір-біріне сезімдерін білдіруге, туған күндерін атап өтуге, егде кісілер үйленген күндерін тойлауға келеді.

Трамвайға келушілер легі алғашында бір толастамаған, бір-екі апта төңірегінде адамдар алдын ала орынға тапсырыс беруді әдетке айналдырған. Кейіннен келушілер саны күрт төмендейді. Оның себебі жарнаманың жетіспеушілігінен болса керек.

Мұнымен қатар трамвайдан шетел азаматтарын жиі байқауға болады. Бұрындары аптасына 6 мәрте шықса, бүгін аптаның барлық күнінде қызмет көрсетеді. Мейрам күндері трамвайға алдын ала бір ай бұрын тапсырыс жасамасаңыз, құр қалдым дей беріңіз. Кіру ақысы - 500 теңге, қызмет көрсеткендері үшін 10% төлемақы алынады.

Романтикалық трамвай кофеханасы туралы кезінде аз-кем мәлімет бергенбіз, бірақ бұл жолы арнайы барып, алған әсерімізбен бөліскіміз келді.

Жүру уақыты:  

Жәй күндері: түскі 16:00-ден, таңғы 4:00-ке дейін;

Демалыс күндері: кешкі 20:00-ден, таңғы 4:00 дейін;

Жүру бағыты:

Басталатын жері: Жароков-Шевченко көшелерінің қиылысы

Жалғасы: Шевченко-Байтұрсынов-Мақатаев-Қонаев көшелері;

Байланыс телефоны: 8 707 891 06 01, 8 707 316 17 55

 

Оқи отырыңыз:

Әлемдегі ең ұзын метро Пекин қаласында

Селфи үшін 75 елді аралап шыққан саяхатшы

Екі жылдан кейін туристер ғарыш әлеміне әуе шарымен ұшады

Қытайлықтар "Орта Азиядағы Ұлы Жібек жолы" жобасына қызығушылық танытуда

Арнайы massaget.kz үшін: Нұрбол Нұрмаханұлы

Сурет: massaget.kz, orda.kz

Н. Нұрмаханұлы