- Негізгі бет
- Жұлдыз FM
- Психолог: Карантинде баланы...
Психолог: Карантинде баланы барынша қолдаған абзал
Әркім күз мезгілін әртүрлі қабылдайды: біріне бұл уақыт меланхолиямен байланысты болса, бірінің жаңа тынысы ашылуы мүмкін. Жұлдыз FM радиосында қонақта болған психолог Балғын Серікбаеваның айтуынша, күзде, әсіресе карантин кезінде ата-аналар оқушы баласын барынша қолдауы керек. Ата-ана оған қалай көмектесуі керек? Психолог қандай кеңес берді?
"Мұндай кезеңде баламен ашық диалог жасап, тікелей қолдау жасаған жөн. Оған сенім білдіріп, оны оған ашық айтқан жақсы. Жанұялық ортаның маңызы өте жоғары. Балаға жылу мен мейірім төгіп, оны сергіту үшін бірге серуендеп, бірге ойнап, уақыт өткізу қажет. Сонда адамның ресурсы толысады, жаңа леп пен мотивация пайда болады", - дейді Балғын Серікбаева.
Биыл мектеп бітіретін оқушылар ҰБТ алдындағы жауапкершілікті сезіне бастайды. Бұл балаға стресс пен күйзеліс әкелуі мүмкін. Оларға ата-ананың қолдауы аса қажет. Маманның айтуынша, баладан бұрын ата-ананың өзін бірінші қолға алғаны жөн. Егер ата-ананың өзі стресс пен уайымда жүрсе, ондай энергетика балаға жылдам беріледі. Эмоционал байланыстың реңкі бұзылады.
"Ата-ана барынша өзін көңілді ұстаса, бала да көңілді болады. Ата-анаға деген кеңесім, баланы ешқашан қыспаққа алмаңыз", - дейді психолог.
Қ. Слямбек