- Негізгі бет
- Жұлдыз FM
- "Жұлдыз FM" студиясына...
"Жұлдыз FM" студиясына "Жетінші арна" жұлдыздары қонаққа келді
Өткен жұмада, 20 қарашада "Жұлдыз FM" өзінің алты жылдық мерейтойын жыл сайынғы 16 сағаттық марафонмен атап өтті. 101.4 FM толқыны тікелей эфирге шыққан алғашқы күннен бастап тыңдаушылардың сеніміне ие болып, бүкіл қазақ халқының музыкалық фонына айналды.
Әдеттегідей, "Жұлдыз ФМ-ді" туған күнімен құттықтауға жақын достары - Қазақстан шоу-бизнес жұлдыздары, танымал музыканттар, әншілер, шығармашылық топтар, актерлер және атақты жүргізушілер келді.
"Жетінші арна" ұжымы ерекше сыйлық пен туған күнге арналған үлкен торт сыйлады. Бас продюсер Азамат Атагелдиев құттықтау сөзімен эфирге шығып, "Жұлдыз ФМ-ге" эфирде ұзақ жылдар бойы қалуын және әрқашан "жұлдыз" мәртебесіне сай болуды тіледі.
Сонымен қатар, Атагелдиев жаңа маусымдағы жоспарларын, хабар тарату бағдарламасындағы өзгерістерді бөлісті, желтоқсанда "Жетінші арнада" болатын жаңа жобалар туралы айтты.
"Телеарна қазір барлық сала бойынша өзгеріп жатыр, осыған байланысты тыңдармандарға кастинг аясында жүргізуші ретінде "Жетінші арнаның" қалыптасуы мен дамуына үлес қосуға дайын жастар арасында, кәсіпқойлар арасында таланттар іздейтінімізді жеткізгім келеді," - дейді телеарна бас продюсері.
Студияда "Жетінші арнаның" танымал ситкомдарының актрисалары - Ақбота Нұр-Сейтмағамбет ("Тақиясыз періште"), Мереке Қалбаева ("Тек қана қыздар") және Мадина Оспан ("Гу-гу-лет!", "Ұлы Дала Жанұясы") қонақ болып, алғашқы минуттардан жылы және достық атмосфера құрды. Жұлдыздар қалжыңдасып, өздері туралы әңгімелеп, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Ең қызық сұрақ қойғандарға "Жетінші арна" сыйлықтар табыс етті.
Мұның бәрі бір сағатқа созылды, эфирде "Жетінші арнаның" танымал ситкомдарының музыкалық саундтректері ойнатылды.
Бүкіл радиомарафонның басты интригасы Ninety One тобының қатысуы болды. Музыканттар көрермендермен ыстық ықыласпен сөйлесіп, "Жетінші арнамен" алдағы ынтымақтастығы туралы әңгімеледі, бірақ оның егжей-тегжейлері айтылған жоқ.
Massaget