"Жұлдыз FM" радиосының Генаға арналған флешмобын эстрада жұлдыздары да қызу қолдауда

Бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып, жұртшылық сүйсіне тыңдайтын "Жұлдыз FM" радиосы 17 қыркүйек күні шаршы алаңға шығатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді қолдап, арнайы флешмоб бастағанын хабарлаған едік. Қазір әлеуметтік желілерде отандасымызды қолдауға арналған флешмоб жылдам қарқынмен жалғасын табуда.

"Жұлдыз FM" радиосының флешмобын әлеуметтік желі қолданушылары мен эстрада жұлдыздары да қызу қолдауда. Қазірдің өзінде жүздеген адам Генаны қолдап, флешмобты әлеуметтік желілерге жариялаған.

Танымал әнші Сәкен Майғазиев те бұл флешмобты қолдап, отандасымызды қолдауға шақырды.

- 17 қыркүйек күні таңда Лас-Вегаста Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес жұдырықтасады. Бұл жекпе-жекті әлем жұртшылығы тамашалайтыны сөзсіз. Барлығымыз отандасымызға қолдау білдірейік. 37 жекпе-жек – 37 жеңіс! Қазақтан шыққан батыр ұлымызға сәттілік тілейміз,- деп жазды әнші.

 

Публикация от Saken Maigaziyev (@saken_maigaziyev)Сен 11 2017 в 10:19 PDT

Әнші Айқын Төлепберген де "Жұлдыз FM" радиосының флешмобына қосылып, Геннадий Головкинге қолдау білдірді.

Флешмобқа Токиодан қолдау білдіргендер де табылды. Instagram желісінде @syrymbek_tau есімді қолданушы қазақтың ұлттық аспабымен бірге Генаның алдағы жекпе-жегіне айқын жеңіс тіледі.

 

Публикация от @zhuldyz.fmСен 10 2017 в 1:58 PDT

"Жұлдыз FM" радиосының бағдарламалар бөлімінің басшысы Жасұлан Қали: «Бұл флешмобтың мақсаты – Геннадий Головкинге қалың қазақ елі қолдау білдіретінін жеткізу, жалғыз емес екенін сездіру» - дейді.

- Бүкіл қазақ елі оған жанкүйерлік танытары анық. Біз оның жеңіске жетеріне сенеміз. Головкиннің танымалдылығы қазақ елін де әлемге танытуда. Флешмобтың тағы бір мақсаты – ұлттық киімдерімізді әспеттеу болатын, - деді Жасұлан Қали.

Қазақстандық актер, каскадер, сценарийші және тележүргізуші Ерден Телемісов ұлттық киімде суретке түсіп, Головкиннің қарсыласын бір қағытып өтті.

- Бірнеше күннен кейін тура осындай түрмен Сәулешка Альварестің жекпе-жегін көретін боламын. Сосын менің болжамым бойынша 8 раундта жүзімді жылытып, «Гена – жарайсың! Гена – үздіксің!» - деп қол соғатын боламын, - деп жазды facebook желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, Головкин - "Канело" жекпе-жегі 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) T-Mobile Arena аренасында өтеді.

Сауль Канело Альвареске қарсы жекпе-жекте Геннадий Головкин орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO чемпиондық атақтарын қорғайды. Мексикалық "The Ring" журналының белбеуін бәске тігеді.

Блогер, тележүргізуші Дмитрий Куцель де флешмобқа қосылып, әлеуметтік желіде өз жазбасын жариялады.

- Шапанмен түскен суретім жоқ екен (есесіне фотошоппен киіп алдым). Достар отандасымыз Генаны қолдайық! Жақында жылдың басты жекпе-жегі! Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен жұдырықтасады. "Жұлдыз FM" радиосы боксшыны қолдау мақсатында арнайы флешмоб бастады. Біз саған сенеміз Гена! Қазақстан сенімен бірге! Жүрегі Қазақстан деп соққан батырымызды бірге қолдайық, - деп жазды Куцель.

Айта кетейік, қос боксшы арасындағы жекпе-жекке америкалық төрешілер қазылық жасайтын болады. 

 

Публикация от @zhuldyz.fmСен 6 2017 в 2:56 PDT

 

Публикация от @zhuldyz.fmСен 10 2017 в 5:22 PDT

Осыған дейін жарияланған флешмоб роликтерін "Жұлдыз FM" радиосының Instagram желісіндегі ресми парақшасынан тамашалай аласыздар. 

Олай болса Сіз де арнайы флешмобты қолдап, эстафетаны жалғастырыңыз! Ол үшін мүмкіндік болса, ұлттық киім киіп, сурет немесе видеоға түсіп, #ГенаАлға #ЖұлдызфмФлешмоб хэштегтерімен парақшаға жарияласаңыз болғаны. Геннадий Головкин @gggboxing мен Жұлдыз FM радиосының @zhuldyz.fm парақшаларын белгілеуді де ұмытпаңыз!

Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған қазақ батырының жеңіске жетеріне сенім артамыз. "Жұлдыз FM" радиосы бастаған флешмобты жалғастырып, отандасымызды бірге қолдайық!

Жұлдызың жансын, GGG!