"Жетінші арна" жұлдыздары "Жұлдыз FM" радиостанциясын тікелей эфирде құттықтайды

"Жетінші арна" жұлдыздары "Жұлдыз FM" радиостанциясын тікелей эфирде құттықтайды

20 қарашада "Жұлдыз FM" 6 жылдығын тойлайды. Ертең радиода 16 сағаттық LIVE-марафон өтеді, оған эстрада және кино жұлдыздары қатысады.

"Жұлдыз FM" мерейтойына арнайы сыйлықты "Жетінші арнаның" креатив командасы дайындап жатыр. Дәл 20:00-де "Жетінші арнаның" бас продюсері Азамат Атагелдиев радиостанция эфиріне эфиріне шығып, құтты болсын айтады. Сонымен бірге студияда танымал ситкомдардың жұлдыздары қонақ болады – Ақбота Нұр-Сейтмағамбет ("Тақиясыз періште"), Мереке Калбаева ("Тек қана қыздар"), Мадина Оспан ("Гу-гу-лет!", "Ұлы Дала Жаңұясы"). Тыңдармандар қонақтарға сұрақ қойып, "Жетінші арнаның" арнайы сыйлығын ұтып ала алады.

"Жетінші арнаның" жұлдызды эфирі бір сағат болады. Трансляцияны Tengri TV YouTube-арнасынан көріп, "Жұлдыз FM" радиосынан тыңдауға болады. Танымал ситкомдардың жұлдыздарымен бірге сүйікті радиоңызды құттықтауды ұмытпаңыз.

"Жұлдыз FM" алты жылдығына орай ұйымдастырылған радиомарафон осы жұмада, 20 қарашада өтеді. Таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін эфир қонақтары, қазақстандық шоу-бизнес жұлдыздары құтты болсын айтады. Марафонда музыканттар жанды дауыспен ән шырқап, жүлделер ойнатып тыңдармандармен интерактив жасайды.

Марафонның басты тосынсыйы – радиоға алғаш рет Ninety One тобы келіп, сұхбат береді. Музыканттар өз концертіне промокод пен өзге де сыйлықтарды ойнатады.

"Жұлдыз FM-дегі" радиомарафон дәстүрі 2015 жылы, радионың бір жылдығында басталды. Содан бері марафон жыл сайын өтіп келеді.

Massaget