Зейініңізді сынап көріңіз

Зейініңізді сынап көріңіз

Достар, естеріңізде болса, «Жұмбақ әңгіме» мен тарихтағы апта күндерін есептеу туралы жазбаларымызды ұсынған болатынбыз. Енді нағыз зейініңізді сынайтын сәт келді. Күрделі логикалық ойлау жолдары мен математикалық шешу амалдары арқылы шешуге тура келетін бұл сұрақтар барлықтарыңызды бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.

Жеміс санау

Неге екенін білмеймін ол кісіні бәріміз молда ата дейтінбіз. Молда ата жол бойында жеміс сатып, күнелтетін. Кеше ол жемістерін сатып бітіре алмай қалыпты. Артық қалған 18 апельсин мен алмұрттың қаншасының апельсин, қаншасының алмұрт екендігін санап көруді ойлаған молда атамыз қолын енді көтере бергенде, құдіреттің күшімен әлгі жемістер жамырап сөйлеп жөнеліпті: «Егер бүгін төртеуіміз артық сатылсақ, онда ініміз апельсинмен теңдесетін едік» деп жамырапты алмұрттар.

«Дұрыс айтады, молда ата, сіз бізге төрт дос қосып берсеңіз, біздің санымыз алмұрт ағамен теңесер еді» депті апельсиндер.

«Еее, жөн жемістерім, құр қарап отырғанша, сендердің дауларыңды шешейін, - депті мола аталары, - Он сегізді екіге бөлсе, тоғыз болады, тоғыздан төртті алсақ, бес қалады, тоғызға үшті қоссақ, он үш болады. Ендеше, апельсин бес, алмұрт он үш болды ғой» деп үсті-басын қағып, орнынан қозғалыпты.

Дәл осы кезде апельсиндердің дауыстары дірілдеп: «Молда ата, бірақ сіз қате есептедіңіз, біз санымыз бес емес» депді.

Алмұрттар да: «Молда ата, сіз қате жорамал жасадыңыз, біз сіз айтқандай көп емеспіз!» депді.

«Қай жері дұрыс емес, беске он үшті қоссақ он сегіз болмай ма?!» депті молда аталары.

Ендеше, молда атайға сіздер көмектерсіңіздер, жемістердің сандары қанша?

Кәрі әкенің ақылы

Өмірде не болмайды дейсіз?! Жанға қысым, өмірге қауіп төнген сәтте ақыл-парасаттың көмегімен аман қалған адамдар біздің арамызда да бар.

Бірде мұхиттың арғы бетіне жол алған кеме қатты боранға тап болады. Қаһарлы толқынның шабуылына тап болған кеменің бір жерлері зақым алады. Кеме қисая береді. Жолаушылар кемедегі артық заттардың бәрін теңізге лақтырады. Кемеде 25 жолаушы бар еді. Осы жолаушылардың алдында екі түрлі таңдау бар. Бірі – осы адамдардың бәрі теңізде ажал құшады десе, енді бір жол – жолаушылардың жартысынан астамын теңізге лақтырып құрбандыққа шалып, жартысын аман алып қалуға болады дейді. Талқылай келе, олар соңғы жолды таңдады. Бірақ кімнің өз еркімен өлімге барғысы келеді. Жолаушылар ішінде бүкіл отбасымен саяхатқа шыққан ақсақал қария болды. Ол кісінің отбасында 10 адам бар еді. Барлық адам ақылдаса келе, осы қарияның шешіміне жүгінді. Қария аз-кем ойланғаннан кейін, көпшілікті алқа формасында отырғызып, өзінен бастап реті бойынша 1, 2, 3 деп сан санатқызып, сол үшінші адам өз еркімен теңізге секіретін болады. Бір айналымнан кейін қайта үшке дейін санап, сол үшінші кісі теңізге тасталынады. Осылайша ретімен 14 адам теңізге секіреді. Кеме жеңілдеп, құрлыққа қарай бет алады. Соңында шалдың отбасындағы 10 адам түгелімен амал қалған екен. Аяқ-қолдарынан діріл арылмаған олар шалдан оның құпиясын сұрады. Бірақ қария ақырын жымиып қана қойды.

Енді ойланыңыз, қария өз отбасындағы 10 кісіні қайсы орындарға отырғызған?

 

Автор: Сұңқар Ақбоз

Сурет: game.com

M. Auelkhan