Естеріңізде болса осыдан аз күн бұрын «Із зердесі және ұлттық тамыр» деген тақырыпта жазба жариялаған болатынбыз. Бүгін із жайлы сөзімізді одан әрі жалғастырамыз.
Ізшілдер аң мен малдың аяқ-тұяқ өлшемдерін, мөрлері мен таңбаларын жатқа білетін болған. Өзің мекен еткен жердегі таныс хайуанаттардың іздерін дұрыс танитын адамдар өзі соңына түсіп келе жатқан із қандай шиырға соқса да сол ізді қалың шиырлы іздер арасынан танып шығарып алады, адасып жаңылмайды. Ізшілдің – іздің қарға, балшық-топыраққа түскенін ғана білетіндер емес, қайта олар жер қарада, қатты тастақта да, қырқа-қырда да, тақыр не шөптесін жерлерде де ізге түсе біледі. Іздің жаңасын, көнесін, кешегісі мен бүгінгісін немесе одан ұзақ болғанын да жаза баспай айыра алады. Олардың із сарынын сабақтау жағтағы қсиеті бір төбе. Бұдан қазақ халқының өткен өмірлерінде ізшілдік өнері жоғары деңгейде дамығандығын көруге болады. Қазақ ауыз әдебиетінде із туралы, ізшілдер туралы аңыздар да көптеп кездеседі.
Ізге шөп салу
Ізге шөп салу – ізді өлшеу, іздің таңбасын, мөрін қағазға немесе басқа бір затқа түсіру, ізді затпен, адаммен куәландыру деген сөз. Аңның, малдың ізін қуғанда одан жаңылып, адасып қалмау үшін іздің жер бетіне түскен таңбасына шөп салып өлшейді. Табанның үзыны мен енін шөппен өлшеп нақтылайды. Қуып жүрген із жолшыбай шиырға, сүрдекке, жолға, ауылға, өрістегі малға соғып өтуі мүмкін, осындай жағдайларға тап болғанда өзі қуған ізді олардан парықтау үшін өлшенген шөптің көмегімен қалың іздің арасынан өзі қуған ізді шығарып алады. Ізге шөп салу көбінше малға қаратылып, ұры-қарыны табуға пайдалы.
Өкше із
Өкше із – ізге түсіп, із қуып, із сабақтау әдістерінің бірі. Ізді кесіп түскен аңшы не қуғыншы әкеткен малды мал иесі ізшілдерді алып, азамат топтап ізге салып қуғынға түседі. Бұл қуғыншылар ізді тауып алғаннан кейін, қалай қуалауды белгілеп, іздің шыққан жағына, келген жағына, іздің артына қарай бағыттай сабақтаса ол өкше ізіне түскендік саналады. Жер бетіне түскен таңбасы анық, аяқ-тұяқтың алды-арты бар іздің алды маңдай із, арты өкше із делінеді. Аң ізін қуып келе жатқанда ол шиырға соқса, көп ізге араласып кетсе, жаңылып қалады. Осындай жағдайда алғашқы ізбен қайта артқа жүріп өзі қуған ізді анықтап алғаннан кейін, қайта сабақтап әлгі ізді шығарып алады. Мұны өкше ізіне түсіп анықтау дейді.
Маңдай із
Маңдай із – ізге түсудің, із қуудың, із сабақтаудың бір әдісі. Ізге кесіп түскен аңшы іздің кеткен жағына, қашқан бетіне қарай бағытын туралап, із сабақтаса ол маңдай ізге түсу делінеді. Маңдай адамның, малдың маңдайы қараған бағыты, маңдай алды баратын жағы, бет алған тұсы. Аң аулауда маңдай ізге түсу, өкше ізіне түсу дейтін сөз жиі қолданылады.
Өкшелеу
Өкшелеу – ізіне түсу, ізінен қалмай қуу, өкшесін баса қуу, аңды, малды, қашқынды, ұрыны дем алдырмау, ес жиғызбау, діңкесін құрыту, өкшелеп қуу, құтқармау дегенге қаратылады.
Із кесу
Із кесу – аңшылар тілінде ізді бір бүйірден көлденең кесіп түсу деген сөз. Қуып жүрген із шиырға, сүрдекке келіп соғады, жолға келіп тіреледі, осындай кезде аңшы ізді тастай салып, аңның қашқан бағытына өтеді де, шиырдың, сүрдектің сыртынан орғытады. Шиырдан суырылып шыққан соны жердегі қуған ізді көлденең кесіп тауып алуды із кесу дейді. Кейде іздің алыстан орап кеткені байқалса, аңшы аңның баратын жерін, өтетін жерлерін мөлшерлейді де қуған ізді тастай салып, сол өзі мөлшерлерген жерінен барып ізді тағы кездестіреді. Бұл да із кесу саналады.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: gmirk.kz