- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Видео: Метеорит деген...
Видео: Метеорит деген не?
Метеорит – планетааралық кеңістіктен Жерге келіп түсетін метеорлық денелердің қалдықтары.
Метеориттер темір, тас-темір және тас метеорит болып негізгі үш түрге бөлінеді. Олардың ерекше белгілері: қырлары мүжілген, сыртында жұқа қабығы және өзіне тән шұңқырлары болады. Сындырып қарағанда метеориттің ішкі жағы күлгін қоңыр түстес келеді, қара немесе ақ түстер сирек кездеседі. Әдетте ақ түсті никельді темір және сары түсті троилит минералы аралас метеорит жиі кездеседі. Тас-темір метеоритінде никельді темір басымырақ болады. Метеориттің мөлшері бірнеше милиметрден бірнеше метрге дейін, ал салмағы грамның бірнеше үлесінен ондаған тоннаға дейін жетеді.
Сынбай түскен метеориттің ішіндегі ең ірісі – Оңтүстік-Батыс Африкада Кейп-Йорк деп аталатын темір метеорит (салмағы 34 тонна). Метеориялық денелердің бөлшектенуі нәтижесінде ондаған, жүздеген тіпті мыңдаған метеориттен тұратын метеорит топтары бір мезгілде жерге түседі. Бұл құбылыс метеорит жауыны деп аталады.
Метеориттің ғарыштағы анимациясы
1947 ж. Ресейдің Приморье өлкесінде салмағы 70 тонналық Сихотэ-Алинь темір метеорит жауыны жауған. Жыл сайын жерге мыңдаған метеорит түсіп тұрады, оның көпшілігі теңіздер мен мұхиттарға түсіп, белгісіз болып қалады. Метеориттің ақырғы массасы мен жылдамдығына, сонымен қатар метеорит түсетін топырақтың құрылымына байланысты метеорит топыраққа 3 – 5 м тереңдікке еніп, сонда қалып қояды. Метеориттің беткі қабығы 103 – 104 К-ге дейін қызып үздіксіз булану әсерінен өлшемі кеми түседі. Жылдамдығы үлкен метеориттер атмосферада түгелдей дерлік жойылып кетеді. Ауаның әсерінен атмосфера қабатында метеориялық дене тежеледі. Оның кинетикалық энергиясы жылуға және жарыққа айналады.
Метеориттің атмосфера қабатына енгеннен кейінгі халі
Метеорит жерге түскенде жарқыл пайда болып, қатты сартылдаған дыбыс естіліп, механикалық құбылыстар байқалады. Метеоритте көп кездесетін элементтер: алюминий, темір, кальций, оттек, кремний, магний, никель, күкірт. Сонымен қатар метеоритте бірқатар белгісіз немесе жер бетінде өте сирек кездесетін минералдар бар.
Қазақстан жеріне түсіп тізімге алынған метеориттер:
- Қарақол (1840, салм. 2,7 кг),
- Ямышева (1885, 4,5 кг),
- Бестөбе (1883, 26 кг),
- Дорофеевка (1910, 12,6 кг),
- Мамра (1927, 0,058 кг),
- Николаевка (1935, 4,020 кг),
- Новорыбинское (1937, 3,055 кг),
- Ерофеевка (1937, 1772 кг),
- Павлодар (1938, 0,037 кг),
- Богословка (1948, 2185,3 кг),
- Зайсан (1963, 0,463 кг).
Метеорит қай жерге түссе, сол мемлекеттің меншігі болып табылады
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
Материалға Қазақ Энциклопедиясындағы ақпараттар пайдаланылды.
Massaget