Ортағасырларда университет деген атауды қоғамға ортақ қызығушылықтарды қорғау үшін құрылған кез келген топ немесе бірлестік иемдене беретін болған екен. Университет сөзінің латын тілінен аударғандағы мағынасы – жинақтық, ортақтық дегенді білдіреді.
Сондықтан білім беру мақсатында құрылған алғашқы университеттер мұғалімдер мен олардың шәкірттерінің өз құқықтарын қорғау мақсатында құрылған бірлестіктер ғана еді. Олардың тұрақты ғимараттары жоқ болғандықтан, мекемелерді жалға алып тұратын.
Уақыт өте келе, ол бірлестіктер қанатын кеңге жайып, арнайы ғимараттар салынды, өздерінің құқықтары мен жарғылары бекітіліп, тұрақты орда бола бастады. Бүгінде ең тұңғыш университет деген атақты иемденіп жүрген білім ордалары да жоқ емес.
Біз бұған дейін жер шарындағы ежелден келе жатқан және ең үздік университеттер туралы біршама әңгіме қозғаған болатынбыз. Күні бүгінге дейін халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан, 992 жылы мемлекеттік ЖОО есебінде іргесі қаланған «Кугчжагам» орталығы туралы ақпараттарымыз да есіңізде шығар.
Таяуда польшалық археологтарымыз сіз бен бізді таң қалдырды. Өздерінің Египет жерінде жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде, 13 дәріс залы бар ғимаратты тапты. Олардың айтуынша, бұл – жер бетіндегі ең тұңғыш университеттің қалдығы. Табылған дәрісханалардың көлемі бірдей және дөңгелек орындықтар амфитеатр іспеттес етіп орналастырылған. Бұдан өзге лекторға арналған арнайы орындар да болған көрінеді.
Аталған олжа – Александрия университетінің шын мәнінде бар болғандығын дәлелдейтін айғақ. Өйткені, Александрия хақындағы деректер бұған дейін тек тарихи жазбалар түрінде ғана көрсетіліп келген.
Ғалымдар жасаған тұжырымға сенсек, бұл оқу ғимараты – б.з.V ғасырда ұйымдастырылып, VІІ ғасырларға дейін жұмыстарын жалғастырған.
Табылған 13 дәріс залына бір мезгілде 5 мың студенттің сыйып кету мүмкіндігі болған көрінеді.
Қалай болғанда да, табылған ғимарат - барлығымыз үшін таптырмас олжа болып табылады. Жер қойнауында жатқан біз біле бермейтін әлі де қаншама оқу ғимараттары бар десеңізші?
Суреттер:samogo.net
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева