Ұмытшақтықтың пайдасы

Орманға жолыңыз түсе қалған жағдайда, бір-бірімен таласа бой көтеріп тұрған жаңғақ ағаштарын көрдіңіз, бірақ, олардың қалай өсетіндігін, кімдердің өсіретіндігін бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Иә, оның да өз құпиясы бар. Жалпы, өмірде ештеңе өздігінен болмайды, бәрінің де себепкері бар емес пе? Бірақ, сол жаңғақ талдардың бағбандары - тиындар деп кім ойлаған?

Тиындар жаратылысынан өте ұмытшақ келеді. Олар талдан-талға секіріп жинайтын негізгі азықтары жаңғақты да жасырған жерлерін ұмытып қалады екен. Яғни, тиындар өздері жинаған қоректерін жерге көміп сақтайды. Бірнеше уақыттан кейін, өздері тыққан жаңғақты ұмытып сала береді. Ал сол көмулі қалған жаңғақтардан жаңа ағаштар өсіп шығады.

Табиғатқа дәл осылай қызмет етіп жүрген бүкіл тиын атаулы деген ойға қалып жүрмеңіз. Негізінде, өздерінің азықтарын жер астына сақтайтын - каролиндік тиындар ғана. Олардың негізгі мекендейтін жері орман болғанымен, бүгінде олардың саны тым азайып келеді. Соңғы кезде оларды ауылшаруашылық орталықтарына, зообақтарға жерсіндіру жұмыстары кең етек алды. Жаңғақ ағаштарының сиреп бара жатқандығы осы құбылыспен тікелей байланысты.

Суреттер:byaki.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева