Қарапайым ноутбуктен әлі талай тосын сый күте аламыз екен. Apple бастаған бірнеше өндірушілер өз компьютерлеріндегі лазерлік жетектен бас тартып жатқан кезде, бұл мәселенің басқа да шешімі бар екені дәлелденді. Flat CD Mouse концептісі бойынша, жетек тартпасына тышқанды еркін орналастыруға болады екен.
Flat CD Mouse концептісінің дизайнын Тэйвон Хванг (Taewon Hwang) жасап шығарды. Ол лазерлік дисктен қарапайым компьютер тышқанын жасауға болатынын көрсетті. Бұл дегеніңіз, тышқанды ноутбук лазерлік жетегінің тартпасына оп-оңай сыйдыра салу. Осы жаңалық арқылы біз компьютер "кеміргішін" жақсы күйде сақтап, оны жайбарақат тасымалдай аламыз.
Бұл идея Тэйвон Хвангқа лэптоптағы тачпад (ноутбуктың бетіндегі саусақпен басқару манипуляторы) қолайсыз басқарылатынына назар аударғаннан кейін келген екен. Одан бөлек, тышқанды бөлек тасымалдау да үлкен қолайсыздық тудыратыны белгілі. Оның сөмке ішінде біраз орын алатыны тағы бар. Осындай бірнеше жәйттерді ескерсек, Flat CD Mouse концептісі дер кезінде шыққан жаңалық екені даусыз. Ол өлшемі жағынан да лазерлік дискпен бірдей. Сондай-ақ компьютерге сымсыз қосылу үшін USB-модульмен де жабдықталған.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: mobiledevise.ru