Түймедақ - шынайы махаббаттың нышаны

Түймедақ... Бір қарағанда қатардағы қарапайым гүл секілді. Сабақтары әдеттегідей, жапырақшалары да бірқалыпты, қысқасы гүл сияқты гүл... 

Түймедақтың бойынан сізге байқала бермейтін үміт, жылулық, шапағат, махаббат нұры есіп тұрады екен. Сөзіміз нанымды болу үшін түймедақ туралы ел аузындағы аңызды баяндап өткеніміз жөн болар.

Баяғы өткен заманда бір-бірін қатты жақсы көретін бозабала мен бойжеткен өмір сүріпті. Жігіттің есімі – Роман болған деседі. Күндердің күнінде оның түсіне аса үлкен емес, ақ күлтелері бар, күн кейіптес қарапайым гүл енеді. Махаббат пен нәзіктік нұры гүлдің айналасынан кетпей тұрып алады. Осындай керемет көріністі көріп жатып, Роман оянып кетіп, атып тұрса, жастығының бас жағында түсіне енген гүл жатады. Аң-таң болған Роман гүлді сүйіктісіне сыйға тарту етеді. Оны көрген қызы Романнан да қатты таңырқайды да, гүлге жігіттің есімімен Ромашка деген ат қояды. Ерке қыз жігітке күн сайын осындай гүлді әкеліп беруін қалайтындығын жеткізеді.

Қызды жан-тәнімен сүйетін Роман мұны Түстер патшасына айтып барады. Патша көп ойланып, жас жігітке менің патшалығымда өмір бойы қызмет етуге қалсаң, қызыңа қалаған гүлін беремін дейді. Роман мұны қанша қаламаса да, сүйгені үшін тәуекелге барып, патша бұйрығына бағынады.

Сұлу қыз түстер әлемінен гүл әкелуге уәде берген ханзадасын ұзақ күтеді. Ол келмейді... Сағыныштан сарғайған қыз күн сайын жылаумен болады. Бір күні қыз әдетінше жылап жатып, басын көтереді де, терезеге қарайды. Тамаша! Көз алдында түймедақ гүлдері өсіп тұрған үлкен егістік алқабы тұр екен. Қыз өз сүйіктісінің тірі екендігін, бірақ ешақашан кездесе алмайтындықтарын түсінеді.

Содан бері адамзат баласы, әсіресе қыздар қауымы аталған гүлді қарапайымдылығы үшін, адал және шынайы махаббаттың нышаны болғандығы үшін жақсы көріп кетеді.

Бала кезіңізде өсіп тұрған түймедақты қолыңызға алып, «Сүйеді ме? Сүймейді ме?» деп күлтелерін талай рет жұлып тастаған боларсыз. Гүл өзіңіздің көңіліңізден шығатын жауапты көрсетсе, мәз болып, керісінше болса, бар ашуыңызды түймедақтан алғаныңызды да білеміз. Бірақ, «менің жүрегім қойған сауалға неге түймедақ қана жауап бере алады?» деген ойға қалмағаныңыз тағы бар. Ендеше, нақ осы дәстүрдің жоғарыдағы аңызбен тікелей байланысы бар екендігін біле жүріңіз.

Қазіргі таңда түймедақты сыйлық ретінде ғана емес, оны кептіріп, ашытып, қайнатып дәрі-дәрмек ретінде де қолданады. Әсіресе, көптеген ауруларды емдеу үшін оның тұнбасы пайдаланылып келеді.

Егер асқазаныңыз мазалап жүрсе, түймедақтың тұнбасын әзірлеп ішіңіз. Ол үшін 2 ас қасық ұнтақталған түймедаққа 1 стақан ыстық су құйып, жарты сағат тұндыру керек. Тұнбаны жылы күйінде ашқарынға содан соң жатар алдында пайдаланған жөн. Жүйкеңіз сыр беріп жүрсе, түймедақ тұнбасы қосылған бу ваннасын қабылдаңыз.

Түймедақ гүлін өз бақшаңызда өсіргіңіз келсе, оның ұрығын жаздың соңғы айларында немесе күздің алғашқы айларында сепкеніңіз дұрыс.

Сіздің де өміріңіз түймедақ секілдің қарапайым және сұлу болсын!

Суреттер:prettywoman.ucoz.ru,liveinternet.ru,

goodfon.ru,charla.ru,prettywoman.ucoz.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева