Әр түстің психологиялық, көркемдік ерекшеліктері әртүрлі. Сол себепті де, әр түске байланысты әр ел халықтарында тұрақты сөз тіркесіне айналған сөздер бар. Жалпы алуан түрлі түстердің ерекшеліктері жайлы білгіңіз келе ме?
Ақ түс
Ақ – қайырымдылық пен пәктіктің түсі. Әлемнің көптеген елдердінде қалыңдық ақ киім киеді, сондай-ақ кейбір салт-дәстүрлерде ақ түсті жерлеу рәсімдерінде пайдаланады. Ақ маргаритка – бұл өзара махаббат белгісі. Ақ дүйсенбі түсі болып келеді. Ақ түс қуаты - жалпы ақ түс емес, ол көптеген түстердің жиынтығы. Сондықтан ақ – бұл қуат синтезі. Міне, неліктен көптеген елдерде ақ түс пәктіктің, ашықтықтың және шындықтың белгісі болып есептелінеді.
Ақ түс – таза парақ, онда әлі де талай тарих жазылады. Бұл түс адам энергиясының тазалануына өз әсерін тигізеді. Ақ түс таңдайтындар, әдетте, жинақы, адал ниетті адамдар болып табылады. Көп жағдайда олар талап қоя біледі. Ақ түс қараңғы жерлерге жарық беріп тұрады, жандандыра түседі. Ақ түсінің ассоциациялануына байланысты психолог мамандар көпшілікке былай деп кеңес береді: «Егер өзіңізді мейірімді, ретті, таза адам етіп көрсеткіңіз келсе, әрдайым ақ түсті киім сатып алуға тырысыңыз». Ақ түс адам санасында «аңқаулық, пәктік, албырттық» шағынан хабар беріп, ассоциациялық көріністер тудырады екен. Мәселен, ағылшындардың қолданысындағы «white day» (сөзбе-сөз: ақ күн) бақытты күн, ағылш: «whiter than white» (сөзбе-сөз: ақтан да аппақ) «күнәсіз пәк» яғни қазақ тіліндегі «судан тұнық, сүттен ақ» деген фраза баламалас келеді. Ал, көршілес орыс халықтарында ақ түсінің ассоциациялануы мүлдем бөлек. Мысалы, «белый – скорби и печали» (мұң-қайғы) немесе «собственной неполноценности или о болезни» (денсаулығының нашарлауы немесе аурудың белгісі). Ақ түсінің жас ерекшелікке байланысты ассоциациялануынан туған санадағы түсінік-пайымдауларға байланысты, көбінесе ақты жастар жөн көреді екен. Ал бұл түсті ересек жастағы жанның таңдағаны оның өзгеге көмектесуге ынтығып тұратынын аңғартады. Оның қолынан көп нәрсе келеді. Алдына мақсат қойғыш жан. Сонымен қатар, ақ түсті киім кигенді қалайтын ересек адамдар, «қарапайым өмірді қалайды әрі жастық шағын жиі аңсайды», – деп ұғынылады.
Қара түс
Қара – ең сиқырлы түс. Батыс елдерінің дәстүрлеріне сай қара өлім символы болып есептелінеді. Алайда, көптеген халықтарда (мысалы, Солтүстік Америка үндістерінде) қара - бұл жақсы түс, себебі ол құнарлы топырақты және жерді еске түсіреді. Қара – сенбі түсі. Қара – бұл түс емес, қара – бұл түстің жоқтығы. Әдетте, адамдар қарама-қарсылықты айтқанда олар ақ пен қара туралы айтады. Егер ақ түс бәрін анық қылса, қара түс керісінше жасырады деп ұғынылады. Қара - мағына беруші түс. Көпшілік санасында, қара адамдардың мүмкіншілігі мен деңгейі жайлы сыр беретіндігі анықталған. Қара даулы рең. Бір жағынан қараңғылық, қара күш, кінә, қарама-қайшылықпен байланыстырылса, бір жағынан берілгендік, табандылық, қажырлық, қайсарлық, өжеттік, тұрақтылық, шыдамдылықпен, қырағылықпен, білгірлікпен, сенімділікпен ассоциацияланады. Көпшілік елдерде қара түс жағымсыз конотацияда ассоциацияланады. Мысалы, қазақ тілінде «қара ниет», ағылш: «black heart» (сөзбе-сөз: қара жүрек), «қара жүрек, қара ниет», қытай: «hei xin chang» (сөзбе-сөз: қара жүрек), «қараниет». Жас ерекшелікке қарай қара түсінің адам санасы ұғымындағы көрінісінің дәлелі ретінде, егде кісілер қара түсін жиі таңдап жатады екен. Демек, қара түсі байсалдылықтан хабар береді. Кейде қара түсі адам сұлбасын арық көрсететіндіктен жастардың көпшілігі қоғамдық орындарға осы түсті жөн көреді. Психологтардың пайымдауынша: «Қара түс – абсолютті шекара, өмірдің тоқтайтындығының белгісі. Ол ғайып болу, өлім ойын көрсетеді. Қара түс – соңы, енді ештеңе болмайтындықтың нышаны. Десе де, қара түсті таңдаған адам тағдыр ағысына қарсы тұра алады. Қара – түрлі жағымсыз көңіл-күй, мазасыздық, ашушаңдық тудырады. Қара түс – жұмбақ, құпия түс. Қара түс – тәуелсіздіктің белгісі. Бұл түсті араласатын ортасында өзінің лайықты орны бар адамдар ұнатады. Қара түсті көбіне жұмбақ, құпия болуға тырысатындар жақсы көреді. Олар өзінің ойын көп жерде айтпайды, жасыруға тырысып бағады.
Көк түс
Көк түс – жан тыныштығын, молшылықты, татулықты білдіреді. Ол адамдар мен қоғамды байланыстыратын негізгі дәнекер іспетті, бірлік, көпшілдік сезімнің, сенімнің түсі. Адам болмысы жаратушы күшімен тығыз байланыста болғандықтан көк түсі алғашқы болмыс ретінде көп тілде көрініс тапқан. Мәселен, латынша: materia – болмыс, алғашқы зат, үнді еуропаша madher – көк (синий), ежелгі үнді тілінде mati – сана, ақыл (разум); славян тілінде мать – ана; неміс тілінде mutter – мать; түрікше mabi – көк. Осыған байланысты көк түсінің ассоциациялануы барлық елде көбіне-көп, аспан, жаратушы (тәңірі), ана бейнесінде болып келеді. Соған сай туған тіркестер де көк аспан, көк заңғар, көк бөрі ежелгі таным бойынша түркілердің анасы. Көк күмбез, көк әлем т.б. Дегенмен, көк түсі кейбір этностар танымында жастық пен албырттықты ассоциациялайды. Мысалы, орыс ұлтының ұғымындағы көк түсі: «синий цвет - духовность, жертвенность» (көк түс – жанға жайлы, қаза болу); «голубой цвет – юношеская привязанность» (көгілдір түс – жастықпен байланысты). Яғни, бірде жанмен (дух, душа) ассоциацияланса, бірде жастықпен (юнность) пайымдалады. Қазақы танымда да көк түсін жастықпен ассоциациялау бар. Мысалы, көктеді (өсіп шықты, жайқалды), көктей солу (жастай қайтыс болды), көсегесі көгеру (балалы-шағалы болу) т.б. Көк түсінің ассоциациялануынан туындаған психологиялық пайымдауларға көз жіберсек, көк түсті ұнататындар өкпелегіш, сары уайымға салынғыш болып келетін көрінеді. Әсіресе, көк түсті молшылықтың нышаны болғандықтан семіз келген адамдар ұнатады екен. Көк түсті таңдағандар - тыныш ортаны, мазасыздық пен сотқарлықтан, келіспеушіліктен алыс болуды қалайтындар. Олар бір-біріне деген сенімді қалайды және өзгелердің де оларға сенуіне әбден болады. Көк түсі - арманыңыздың орындалуына әсер етеді. Бұл түс – шындықтың, біреуге деген адалдығыңның белгісі ретіндегі түс. Көк түсті киімдерді көп киетіндер сараптама жасаудың шебері. Бірақ бұл мүмкіндігін жасырады. Аталған түсті қалайтындар өте қарапайым келеді. Сезімталдығы да бар. Бірақ іштей қатал мінезі де жоқ емес. Оны өзгелерге аңғартпауға тырысады. Көгілдір түсті жақсы көретіндер өте сақ адамдар», – деп ұғынылады.
Сары түс
Сары түс – жеңілдік пен қуанышты, сабырсыздықты, нұр сәулені білдіреді. Қуаныштың, күн шапағатының нышаны. Сары түс адамды болашаққа бағыттайды, жаңалыққа талпындырады, заманауилыққа, дамушылыққа құштар етеді. Сары түсті Гете «ашық түстердің ішіндегі ең мықтысы» деген екен. Сары түс адам бойын сергітеді, көңілдендіреді деп көрсетеді. Әрине бұл, қазақы таным-түсінікке жат нәрсе. Ғаламның тілдік бейнесіне байланысты орыс халқында сары түсі «ашықтық пен жақсы көңіл-күйді» ассоциацияласа, қазақы ұғымда сары түс жағымды мағынада да, жағымсыз мағынада да қолданылады. Көбіне қазақы ұғымда сары түсі «уайым мен қайғыны», «мұң-шер мен ауруды» ассоциациялаған. Психологияда: «Бұл түсті таңдаған кез-келген адам қиындықты тезірек жеңуге құлшынып, тезірек босап шығудың амалын іздеп тұрады. Өзгерісті жиі қалап тұрады, сары түске құмар адамға тұрақсыздық тән. Сары түс - адамның ойлау, тез қабылдау қабілетін жақсартады. Өз өзіне сенімсіз, ұялшақ адамдарға оң әсерін тигізеді. Адамға күлкі, қуаныш әкеледі. Әдетте, бұл түс қуаты мол, көп сөйлейтін, әртістік өнерге, шығармашылыққа жақын адамдарға тән. Сары түсті киім адамға сарғыш түс сияқты әсер етеді.
Сары түсті еркіндікті қалайтындар және арманы биік, қиялға берілгіштер ұнатады. Олар күтпеген оқиғаларды жақсы көреді. Үнемі ізденісте жүреді. Мұндай мінезді адамдардың маңайында көбінесе әзілге жақын адамдар жүреді.Тың идеяларды талқылап, ой таразысына салғанды жаны қалайтын адамдар өзгені тыңдап, өз пікірін де ұмыт қалдырмайды. Бірақ кейде жауапкершіліктен қашады. Бұл өзін еркін сезінгісі келетін адамдардың жиі таңдайтын түсі. Бірнеше тілдік материалдарын салыстыратын болсақ, А.Залевскаяның талдауы бойынша төмендегілерді атап көрсетеміз: сары түс – неміс халқында жек көрушілік, қызғаныш, жалғандық, салқындық; америкалықтарда – қорқақтық, қауіп төнетіндей жағдай, француздарда – сатқындық; орыс ұлты үшін – күзгі жапырақ деген ассоциацияларды тудырады.
Қызыл түс
Қызыл – түстердің ішіндегі ең жылы түс. Бұл түсті сөзшең адамдар таңдайды, және еркектердің көпшілігіне ұнайды. Екінші жағынан қызыл түс күш пен қызбалықтың белгісі. Қытайда қызыл түс байлық пен дамудың белгісі ретінде ассоциацияланады. Бұдан бөлек қызыл түс азия елдерінде қызбен байланыстырылады. Бұған дәлел, қазақы танымда: «қыздың көзі – қызылда» десе, қытайда: hong yan bo ming, hong yan (сөзбе-сөз: қызыл реңк, 'әйелдің нұрлы жүзі' bo ming: соры ашылмаған) «арудың маңдайы тайқы» т.б. Күн шығыс елінің дәстүрлі үйлену салтында жас келін қызылдан желек жамылып, қызыл көйлек киіп, қызыл күймеге отырған. Олар тіпті той-думандарында да қызыл шырақ жағып, қызыл түсті қима қағаз суреттер ілуді қуаныштың символына балағандықтан, таным-түсініктеріне сәйкес қызыл түсін «бақыт пен жеңіске», «адалдық пен мейірімділік» секілді ұғымдармен ассоциациялайды. Дүние жүзінде қызыл раушан гүлі махаббаттың белгісі ретінде саналғандықтан, қызыл түс көбінесе раушан гүлімен немесе махаббат, ғашықтық сезімімен де ассоциацияланады. Ал қызыл планета Марс – соғыс құдайы ретінде танымал екендігі белгілі, сондықтан болар қанды қырғын соғыстар, қан майдандар қызыл түсімен байланыстырылып, санада ұрыс, төгілген қанмен елестетіледі. Ассоциациялық өрісте берілуі – қызыл әскер, қызыл қан, қызыл от, қызыл жалын, қызу қанды, қызыл гүл т.б. Психологтардың кеңесі бойынша, қызыл түсті мына кезде таңдаңыз: қызығушылық тудырғыңыз келсе арманыңызды іске асырғыңыз келсе,қорқыныш пен үрейден қорғанғыңыз келсе, бойыңыздағы қуатты арттырғыңыз келсеқызыл түсті таңдаңыз. Сондай-ақ, «Қызыл түс тасыған күшті білдіреді. Көбінесе қызуқанды адам киімді осы түстен таңдайды. Албырт, белсенді, тез шешім шығаратындар бір орында отырғанды қаламайды. Өмірден бәрін үйреніп, алға ұмтылғыштар қызылға құмар. Оларды бірқалыптылық тез жалықтырады. Айналасындағылардың қателігіне көз жұмып қарамайды. Шынайылықты жақсы көреді», – деген пайымдаулар бар.
Жасыл түс
Жасыл түс – еркіндікке деген жігерлікті, табандылықты, мақсаткерлікті, өзімшілдікті, «Мен» деп өзіне жоғары баға берушілікті білдіреді. Жасыл - Америка мәдениетінде ақшаны ассоциациялайды. Жасыл түсі көп елдерде жастық пен жаңа шыққан көк, өсімдік бейнесімен ассоциацияланады. Мәселен, қазақы танымға сай жасыл мен көк түсі бір-бірінің орынына қолданыла берген. Соған сай жасыл шықты – көктеді, жасыл түсті – көк түсті (Көк түскен жер тақыр-ды. Қыз Жібек); ал, әзірбайжан тілінде йаш деген сөз «дымқыл», «сулы», «көк» деп беріледі түсіндірме сөздікте. Славян халқының танымында жасыл түсі «зелёный» – өмір мен жастықшақ, белсенділікпен ассоциацияланады екен. Психологияда, бұл түсті таңдағандар – өзінің құндылығына деген сенімді жоғарылатқысы келетіндер, айналасындағы адамдардан мақтаулар, жақсы пікірлер күтетін адамдар деп ұғынылады. Сондай-ақ, бұл түс тәкаппарлықтың нышаны. Жасыл – адамға сенімділік береді. Кабинет және сіз жұмыс жасайтын орын үшін тамаша түс. Ол белсенділік пен табандылық береді. Жасыл түс – нағыз гармониялық түс. Адамның жүйке жүйесін тыныштандырады. Бұл түс біреудің қуаныш, ренішіне ортақтаса білетін, достары көп адамдарға тән. Жасыл түсін ұнататын адамдар тұрақты, сенімді болып келеді. Бұл түсті кез келген жерде қолдана беруге болады. Жасыл түсті киім кисеңіз, сіз кез-келген ортада тек жақсы жақтан ғана көзге түсесіз. Жасыл түсті үйлесімділікті қалайтындар ұнатады. Бұл түс үмітті білдіреді. Жасылды жақсы көретіндер тыныштықты жаны қалайды. Дегенмен көпшілікпен араласқанға құмар. Шыдамды, тым байсалды. Ұжымның арасында өзін көрсеткенді қаламайды. Өйткені өзгелер жомарттығын пайдаланып кетеді деп қорқады. Жасыл көпшілік ұғымында қарым-қатынасты білдіреді. Бірақ жалпыға ортақ таным бойынша табиғатты және жастықты бейнелейді. Жасылдың түрлі реңдері түрліше әсер береді екен: Қою жасыл – суықтық, байлық, еркекшоралық, кертартпалықты сипаттаса, көк жасыл – жағымсыздықты, кері тартпалықты, зәйтүн жасылы – татулықты, бейбітшілікті, сарғыш жасыл – тұтынушылардың басқа жасылдардан артық көретін реңі.
Қоңыр түс
Қоңыр түс – топырақтың және ағаш тақтаның реңі. Төзімділік және сенімділік береді. Қоңыр, сондай-ақ, жердің түсі. Жер халықтың тіршілік орны. Осымен байланысты қазақ елінің танымында ерекше жағымды мәнде ассоциацияланады. Жалпылай алғанда қоңыр түсі, ежелден Азиялық көшпелі халықтардың болмысына тән түс болғандықтан, бұл түсті тау-тас, құм мен дала, қой төлі мен шопан бала, самал жел, кеш, үй т.б секілді ұғымдармен ассоциацияланады. Мәселен, араб, иран тілдерінде қоң – қар – қор (қорум, қорымтас), каф, қап (Қап тауы), қая, қия, құз, қыр, қыз (Қазбек), кур – гора, тау, биік мағыналарын білдірген. Қазіргі тіліміздегі жер, тау, ұғымдары «кур» аталған екен. Қоңыр табиғи, тыныш, жайлы, ашық бір атмосфераны қамтамасыз етеді. Қоңыр түсінің ассоциациялануы, тыныштық өмір бейнесімен де астасып жатыр. Соған сай туған тіркестер қатары: қоңыр жел, қоңыр тірлік, қоңыр күз, қоңыр самал, қоңыр дала, қоңыр кеш, қоңыр жол, қоңыр ымырт, қоңыр төбе, қоңыр күй, қоңыр леп т.б Ассоциациялық тіркестер қатарындағы қоңыр үн, қоңыр дауыс ер адамға тән, ер баланың белгілі бір даму кезеңіне сай пайда болатын, ән салғанда кәсіби әншілікті қажет етпейтін (қоңырлатып ән салды) дауыс, үн. Мысалы, «Оғлан үні қоңрады – Баланың дауысы қоңырлады» Бала балиғатқа жеткенде дауысы өзгерді, дауысы қоңырланды. Ендігіде қоңыр түсінің адам санасында ассоциациялануына байланысты, психолог мамандар мынадай пікірлерді ұсынады: «Қоңыр түсті ұнататындар өмірден мол тәжірибе алған жандар. Оның өз тәртібі бар, ойы кемелденген адам. Бұл түсті қалайтындар байсалды мінезімен тартымды келеді. Қоңыр түсті көбінесе шыдамды, байсалды жандар ұнатады. Ешкімге тәуелсіз, өзінің ойынан қайтпайтын адамдар қалайды. Кейде олармен араласқанда ойын анық түсіну мүмкін емес. Көбінде еркектердің сүйікті реңкі. Кейде кейбір тондардың ескірген, оңған түрі секілді де әсер береді».
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: desktopwallpapers.org.ua