Бүгін ең танымал іздеуші сервисі Google өзінің 15 жылдығын тойлауда.
Google іздеуші сервисі Стэнфорд университеті студенттері Ларри Пейдж бен Сергей Брин жасалған. Әубаста студенттік жоба болған BackRub негізінде 1998 жылы Google пайда болды.
Жалпы қыркүйек айы Google үшін атаулы күндерге толы. 2, 7, 10, 15 және 27 қыркүйек күндерінің барлығы бұрын-соңды Google-дың туған күндері деп аталып жүрген.
Шын мәнінде Google корпорациясы 1998 жылдың 2 қыркүйегінде құрылған, алайда Google.com домені 1997 жылдың 15 қыркүйегінде ашылып қойған еді. 1998 жылдың 7 қыркүйегінде Google заңды тұлға ретінде тіркелген екен. Ал 10 қыркүйек жалпы "Іздеу күні" болып табылады.
2005 жылдан бастап Гуглдықтар өз туған күнін 7 қыркүйек деп белгіледі, бірақ бір жыл өткеннен кейін олар ресми түрде 27 қыркүйекті Google-дың туған күні деп тағайындады.
Бірақ неліктен 27 қыркүйек? Бұл сұраққа бірнеше жауап бар. Бірінші нұсқа бойынша, 2002 жылдың 27 қыркүйегінде Google-дың басты парақшасында алғаш рет туған күндік торт бейнесі пайда болған деп есептеледі. Ал екінші нұсқа бойынша 2005 жылы Yahoo! іздеу сервисі Google-дың жұмыс көлемі олардан екі есе аз екенін айтыпты. Google Yahoo!-ға ресми жауабында нақты статистикасын көрсетіп, оның жұмыс көлемі кез келген іздеуші сервисінен 3 есе артық екенін дәлелдеп берді. Осыған орай сол жылы туған күн екі рет тойланып, артынан солай қалыптасып кетті деседі.
Ал Google-дың атауы 10-ның 100 дәрежесі болатын Googol сөзінің бұрмалану нәтижесінде пайда болған.
Қазірде Google танымалдығы бойынша бірінші іздеуші сервис болып табылады (79,65%). Ол айына 41 млрд 345 млн сұраныстарын өңдеп, 25 млрд веб-парақшаларды шығарып береді. Google 195 тілді қамтып, өз нарығының басым бөлігін иеленіп отыр (62,4%).
Әрине, Google-дың туған күні қай күн болмасын, ол әр интернет қолданушы үшін таптырмас сервиске айналып отыр. Нарықтағы бағасы 150 миллиард доллар болып отырған компания өз туған күнін өзі таңдай алады емес пе?
Google-ға рақмет айтып, туған күнімен құттықтайық!
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: google.kz