NASA агенттігінің ғалымдары «Күншығыс» («Dawn») ғарыш зондының түсірген суреттерінің көмегімен Церера кіші ғаламшарының (астероидының) топографиялық картасын жасады. Карта арқылы ғаламшардың 15 шақырым биіктікке созылған шыңдарын көруге болады.
«Осыған дейін белгісіз болған Церераның кратерлерінің көлемі мен тереңдігіне қарай Сатурнның Дион мен Тетис мұзды серіктеріндегі ойықтарға ұқсас екендігін анықтадық. Жақында жіберілген ақпарат Церераның беткі қабатында су мұзы бар екендігін дәлелдеді», - дейді ғылыми топтың мүшесі Пол Шенк.
Кейбір кратерлер жаңа атауларға ие болған. Олар көбіне Жердегі түрлі өркениеттің сенімінде болған әртүрлі құдайлардың есімдерімен аталған. Жақында Халықаралық астрономиялық одақ Церерадағы бірқатар географиялық атауларды ресми тіркеді. Мысалы, құпияға толы Оккатор (Көне Рим құдайы) кратері 90 шақырым диаметр, 4 шақырым тереңдікке ие. Аталған кратердің түбінде көрінетін ақ дақтың не екенін әзірге анықтау мүмкін болмай тұр.
Қазіргі кезде «Күншығыс» зонды Церераның үшінші сыртқы орбитасына кіріп үлгерген. Енді ғарыш аппараты Церерадан небәрі 1500 шақырым қашықта айналатын болады. Бұл алдыңғы орбита сызығынан үш есе жақын. NASA аппараты тұрақты айналымға кірген соң, жаңа мәліметтерді жіберуді жалғастырады.