- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Тілдердің әртүрлі қалыптасуына...
Тілдердің әртүрлі қалыптасуына климат түрткі болған
Америкалық ғалымдар әлем бойынша қолданыстағы тілдердің бір-бірінен өзгеше қалыптасып, дамуына қоршаған орта мен климат түрткі болғанын айтады. Бұл туралы Американың Акустикалық қоғамының (Acoustical Society of America — ASA) 170-съезінде баяндама жасаған Нью-Мексико университетінің профессоры мәлімдеді.
Ғалымның айтуынша, тропиктік орманды аймақта өмір сүретін адамдардың тілінде дауысты дыбыстарды айту жиілігі төмен болады. Себебі дыбыстың бағытын өзгертіп жіберетін табиғи кедергілер жоқ. Ал жазық далада (мысалы, саванна) өмір сүретін адамдардың тілінде дауысты дыбыстар ырғақпен айтылады.
«Әлемдегі тілдердің дыбыстық моделінің өзгеруіне белгілі бір аймақтың климаты мен экологиялық ортасы әсер етеді. Қарым-қатынас кезінде айтылатын дыбыс кедергілерге ұшырайтын болса, адамдар оны естілуі үшін үлкен ырғақпен айтуға бейімделеді. Нәтижесінде тілдегі акустика өзгереді», — дейді Нью-Мексико университетінің профессоры Иан Мэддисон (Ian Maddieson).
Америкалық ғалымдар мұндай шешімге келуден бұрын 633 түрлі тілді зерттеген. Лингвисттер көбіне бес миллион адамнан артық қолданбайтын тілдерді негізге алады. Сосын әрбір тілдегі дауысты дыбыстардың айтылу ырғағын «акустикалық бейімделу теориясы» негізінде қарастырады. Ғалымдар тілдің өзгеруіне әсер ететін факторлардың тізіміне ландшафттан бөлек, жауын-шашынның жылдық түсімі мен температураны да енгізеді. Себебі кез келген табиғаттағы қозғалыс үдерісі айтылатын дыбыстың таралу мүмкіндігін өзгерте алады. Сәйкесінше оның айтылу жиілігі де өзгереді.
Ғалымдар тілдегі дыбыстардың айтылу жиілігінің өзгеруіне климат пен ландшафттың әсері болатыны туралы теорияның бастауын құстардан алған. Олар бастапқыда ормандар мен ашық аймақтардағы құстардың ән салуын салыстырған. Кейіннен гипотеза зерттеу жұмысына айналып, акустикалық теорияның қалыптасуына негіз болған.
Ж. Өрісбай