Пейджер деген кірпішке ұқсас байланыс құралын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Қазіргі қолымыздағы ұялы телефондарымыздан бұрын пайда болған бұл техникалық құрал адамдарды бір-бірімен байланыстыруға арналған еді. Шамамен 50 жыл бұрын радиоинженер Ал Гросс радиобайланыстағы ғылыми-техникалық дағдарысқа әкелген құрылғыны ойлап тапқан. Бұл құрылғы – пейджер еді.
Негізі бұл байланыс құралы алыс-шалғай жерлерде тұратын адамдарға таратылып, дәрігерлерді шұғыл жағдайда шақыртып алуға арналған еді. Бірақ, дәрігерлерге бұл идея ұнамаған көрінеді. Сөйтіп, бір дәрігер өнертапқыштың бетіне қарап, былай депті: «Мұнда, емхананың жанында гольф алаңы бар. Гольф ойнауыма кедергі келтірген адамды ұнатады дейсіз бе?»
Бірақ, бәріміз білетіндей техника бір орында тұра бермейді. Уақыт өте келе радиобайланыстың дамуы да жаңа қарқын алып, қолданысқа бәрімізге белгілі ұялы телефондар енді. Алғашқы ұялы телефондар да пейджерлер сияқты кірпішке ұқсас болғанымен, адам баласын жаңа байланыс мүмкіндіктерімен қамтамасыз етті. Ұялы байланыстағы қысқа хабарламалар жіберудің төмен бағасы пейджерлерді нарықтан ығыстырған. Бірақ, қазіргі байланыс құралының арғы атасы ретінде пейджерді атасақ, артық айтылған теңеу болмас.
Ғаламтор ақпараттарының санағына сенетін болсақ, 2001 жылы күллі әлемде пейджердің 300 млн. данасы қолданыста еді.
Сурет: mystery-queen.com