- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Тарихтағы ең сәтсіз...
Тарихтағы ең сәтсіз шыққан ойын консольдері
Ойын видеоприставкалары пайда болғаннан бері олардың барлығы да сәтті шықты деп айта алмаймыз. Консольдер әртүрлі себептерге байланысты бірі үлкен жетістікке жетіп жатса, енді біреулері дүкен сөрелерінде сарғайып, сол күйі тозып кетті. Олардың көбі тек осы ойынға құмар жандардың ғана есінде еміс қала берді.
Приставкалардың басым көпшілігі бағасының тым қымбат болғандығы себепті өтпей қалса, біреулері тіптен сәтсіз құрастырылған болып шықты. Ал қазіргі геймерлер үшін екі ғана консольден артық құрылғы жер бетінде жоқ. Олардың аттары әрине әркімге-ақ таныс (Playstation және Xbox). Бұл екі алып өз салаларындағы бәселестерін әлдеқашан жұтып қойған. Ендігі кезекті сол сәтсіз шығып, өзінің тұрақты орнын таба алмаған ойын консольдеріне беріп көрейік.
Sega 32X, 1994 жыл
Sega 32X консолін бастапқыдан-ақ керемет идея болды деп айта алмаймыз. Шынында ол одан бұрынырақта жарыққа шыққан 16 биттік Sega Genesis консолін 32 битке дейін көтеруге бағытталған жай ғана бір қадам болып қалды. Ол 1994 жылы нарыққа шығып, алайда кейбір жағдайларға байланысты (мысалы, 32Х құрылғысынан кейін іле-шала жарық көрген Sega Saturn) оның саудасы өтпей қойды.
Sega 32X консоліне бар болғаны 40 ойын ғана шығып үлгерді. Оның өзінде олар тек Mega Drive консолінің танымалдылығы есебінен болған еді. 32X қосымша мүмкіндіктерін тек кейбір адамдар ғана қолданып, осылайша ол өзі өмір сүрген уақытында бар болғаны тек 650 000 данасы сатылды.
Nokia N-Gage, 2003 год
Негізінде Nokia компаниясының ойын консолі мен мобильді телефонды біріктіру идеясы құрастырушы мамандардың болжағыш, білгір екендігін дәлелдейді. Олай дейтініміз, қазіргі телефондардың (смартфондар мен планшеттердің) барлығы да осы екі функцияны бойына жинап отыр емес пе?! Бірақ тың идеялардың барлығы әрқашан сәтті жүзеге аса бермесі анық.
N-Gage бір мезгілде ойын консолі мен телефон қызметтерін бірдей пайдалану мүмкіндігін жасаймын деп, нәтижесінде қолданушыны түсініксіз ойынды басқару элементтері мен нөмірді теру тетіктеріне тап қылды. N-Gage әмбебап құрылғысы 2003 жылы іске қосылып, сол жылдардағы оның басты бәсекелесі Game Boy Advance-пен нарықта біраз күрес жүргізуге тырысып бақты. Алайда айырмашылық бірден көзге ұрып тұрған еді. Екі айдың ішінде Nokia бес мың консолефон сатқан болса, ал осы аралықта Game Boy Advance өнімінің 1,5 миллионнан аса данасы сатылып кетті.
Бір қызығы, N-Gage сәтсіздігінен кейін компания алған бетінен қайта қойған жоқ. Одан кейін бірден N-Gage QD атты құрылғы шықты. Компания тек 2010 жылға қарай бұл жобалардың қателігін түсініп, консоль өндірісінен бас тартты.
Tiger Telematics Gizmondo, 2005 жыл
N-Gage портативті консольдер әлемінде сәтсіздікке ұшырағанымен, көпшілікке үлгі көрсете білді. Ал 2005 жылы Ұлыбританияда жарық көрген Tiger компаниясының Gizmondo өнімін тарихтағы ең сәтсіз жоба деп айтсақ болатын шығар.
Gizmondo сатып алушыларға 230 доллар бағамен сатылды және Tiger компаниясы сол күннен бастап оның тек 25 000 данасын ғана әзер сата алған екен. Ал араға жыл салып Tiger Gizmondo өндірісін жауып, өзін ресми түрде банкрот деп жариялады.
Worlds of Wonder Action Max, 1987 жыл
Action Max консолі мәліметтерді картриджге емес, қарапайым стандартты VHS видеокассетасына сақтауға негізделген жаңа ойын жүйесін жасаудағы алғашқы жоба болып саналды. Ойындарды басқару үшін экрандағы жылжымалы нысаналарды атуға арналған жарық пистолеттерін (Дендидегідей) қолданды. Егер көздеген нысанаға дәл тисеңіз, ұпайға ие боласыз. Осымен бітті. Консольдің ойыншыға беретін басқа мүмкіндіктері болмады.
Сондықтан да бұл телеприставканың ғұмыры ұзаққа созылмады. Компания ол өмір сүрген жылдар ішінде тек бес ойынды ғана шығарып үлгерді. Осыдан кейін Action Max жай ғана өз жұмысын тоқтатты.
Бірақ тұңғыш рет қолданылған VHS-кассеталы идея сенімді шешім болғандығын да айта кетуіміз керек. Егер Action Max консолінде басқару тетіктері мен оның қолайлығы басқаша ойластырылғанда мүмкін өнім мақсатты аудиториясына ұнап қалған болар ма еді?!
Apple Bandai Pippin, 1996 жыл
Бұл жерден байқағаныңыздай, Microsoft өзінің Xbox One өнімімен Apple-ге жаңадан бәсекелес болып қосылған жоқ. Билл Гейтс қожалық ететін компанияның басты бәсекелесі Apple 1996 жылы нарыққа Pippin атты брендпен жаңа консоль шығарған болатын. Алайда 600 $ бағамен сатылған және өте нашар жүргізілген маркетингтік жұмыстардың нәтижесінде консоль бірден сәтсіздкке ұшырады. 1997 жылы компанияға қайта оралған Стив Джобс бірден оның көзін құртуға шешім шығарды.
Philips CD-i, 1991жыл
1991 жылы Philips ақпараттарды компакт-дискке сақтауға арналған мультимедиялық телеприставка жасап шықты. Ол да өзінің қымбат бағасы (700 доллар) мен әлсіз маркетингі салдарынан консольдер нарығында жеңіліске ұшырады.
Сол кезде құрастырушы компанияға арнап тек Link: The Faces of Evil, Zelda: The Wand of Gamelon, Zelda’s Adventure және Hotel Mario атты бес ойын ғана шықты. Оның өзі сәтті, керемет болды деп айтуға ауыз бармайды. Одан бөлек, консольдің контроллері де ең сәтсіз шыққандардың қатарынан табылды.
Tiger Game.com, 1997 жыл
Тағы да бір сәтсіз жоспарланған шағын инновациялық консольдердің бірі Game.com деп аталады.
Құрастырушы мамандар консольге Интернетке қосылу мүмкіндігін сыйласа да, қолданушылар арасында анау айтқандай «жарылыс» жасай алған жоқ. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай қарқын алып келе жатқан Интернетті консольмен байланыстыру ойы негізінен дұрыс болғанымен, құрылғыда оның атқаратын қызметі пісіп жетіспегендіктен, бұл қызмет түрінің қолданушыларға да пайдасы бола қойған жоқ.
Game.com қолданушыларына Интернетке шығу мүмкіндігін сыйласа да, олардың бар жасай алатындары тек өздерінің жетістіктерін вебке жүктеу және жинаған ұпай сандарын көру ғана еді. Оның өзінде Интернетке қосылу үшін арнайы «интернет-картриджді» бөлек сатып алуыңызға тура келетін. Ондағы дисплей де сапасы сын көтермейтін еді, өзі күңгірт әрі монохромды болып келді.
Консоль сол кездің өзінде сенсорлы экран мен PDA мүмкіндіктеріне ие болғанымен де сатылымы мүлдем төмен болды. Сол себепті жоба араға үш жыл салып толықтай жойылды.
3DO Interactive Multiplayer, 1993 жыл
Electronics Art мұрагері Трип Хоукинс бастаған 3DO – консоль мен компакт-дисктердің базасында жасалынған мультимедиялық платформа құрастыруға талпыныс ретінде 1993 жылы пайда болған құрылғы.
Қалай болғанмен де, 600 доллар бағамен дүкен сөрелеріне шыққан ол ақыры танымалдыққа ие бола алмай шетте қалып қойды. Бірақ оның графикасы сол кезбен салыстырмалы түрде айтар болсақ, аса жоғары деңгейде болды. Десек те өзіне қойылған бағаның тым жоғары болғандығы себепті 3DO бар жоғы үщ жылдай өмір сүре алды.
RCA Studio II, 1977 жыл
Осы бір жылдары ойын консольдерінің дизайны жағынан да, фунциялары жағынан да ерекше түрлері пайда бола бастаған кез. Солардың ішіндегі ең бір түсініксіз дизайндағысы осы RCA компаниясының Studio II консолі болды.
Бұл консоль ойынды сақтау үшін ROM-картридждерді қолданған алғашқы консольдердің қатарында болды. Десек те, құрылғыға түстік графика мен контроллер үшін қалыпты батырмалар жетіспеді. Мысалы өзіңіз қарап көріңіз, қолданушыларға контроллер орнына телефондағы нөмірді айналдырып теру батырмасы сияқты өте ыңғайсыз элемент берілген.
Nintendo Virtual Boy, 1995 жыл
Virtual Boy консолі Nintendo компаниясының өзіндік «виртуалды шындық» жүйесін жасау ұмтылысының алғашқы қадамы болып есептелді (сол жылдар ойындағы осындай «виртуалды әлем» үшін күрес барынша қызып жатқан кез болатын). Бірақ бұл сөз қаншалықты жағымды естілгенімен де, ғажайып техниканы іс жүзінде қолданып, одан бір өзіндік ләззат алу аса қиынға соқты.
Бұл шайтан-машинаны сатып алушылар интерфейсінен бөлек, оның көз бен мойынды ауыртатын ауыртпалықтарына да шағым айтып жатты. Жүйе де мүмкіндігі жағынан тым шектеулі болды. Біріншіден, ішкі дисплей жылт-жылт еткен бір ғана қызыл түстен көрініс берді. Осындай жайсыз қасиеттерге ие болған Virtual Boy консолі 1995 жылы сатылымға шығып, сол жылы-ақ оның өндірісі тоқтады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: bgr.com
Б. Қосмағамбет