"Сырғаңның сыңғыры...
Сыңғырлап ұйқымнан оятты..." деп әндетіп жатамыз. Сол сыңғырдың иесі болған сырлы сырғалар қалай дүниеге келді екен? Қазіргі күннің өзінде арулардың құлағынан түспейтін бұл әшекей бұйымның тарихы тым тереңде жатыр. Серілерді селт еткізіп ұйқыдан оятқан, талай жырдың арқауына айналған сырғаның тарихымен таныс болайық!
Біз «сырға» деп атап жүрген әшекей бұйым қола дәуірінен бері құлағымыздан түспей келеді. Сол дәуірде ең алғаш Шығыс Европада пайда болған бұл әшекей шамамен 3000 жыл бұрын жасала бастаған. Ол өмірге келісімен-ақ әр түрлі сәнде жасала бастады. Алғашында сырғаны тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да тағып жүрген. Жауынгерлер мен батырлар тек бір сырға ғана тағып алған.
Ең атақты сырғалар Орта Азия мен Күнгей Кавказда жасалған. Дүниеге кеше ғана келген нәресте қыздың құлағына бірден сырға тағып қояды екен. Олар сырға жас баланы қорғап жүретін бойтұмар деп санаған. Антикалық Қара теңіз халықтары көбіне көрнекті суреттер бейнеленген дөңгелек сырғаларды тағып жүрген. Суреттерде жануарлардың басы, әсіресе арыстанның басы көп бейнеленген. Ал скиф ақсүйектері құлақтарына бидаймен әрленген домалақ сырғалар таққан.
Уақыт өте келе сырғалар көбіне әйел адамдардың құлақтарынан байқалатын болды.
17 ғасырдың басында орыстар елінде сырға жасаудың жаңа үлгісі шыға бастады. Сол кездерде әр түрлі ұзындықтағы сақиналы сырғалар сәнге айналды. Сырғаларға түрлі сәнді тастар мен шынылар да әсемдік ретінде тағыла бастады. Одан соң сырғаларды түрлі түстерге бояп, оған бейнелі суреттерді сала бастады.
Рембрандт Харменс ван Рейн - Сырға өлшеп тұрған жас келіншек
Қарапайым әйел адамдар мыстан жасалған сырғаларды тақты. Сол шақтарда қалтасы қалың ханымдар «ұшқын» деп аталған түрлі ұсақ тастар мен сәнді бұйымдармен сәнделген сырғаларды құлағынан тастаған жоқ.
18 ғасырда сырға жасау ісі шарықтай бастады. Бай адамдар өздерінің талғамына сай сырғаларға тапсырыс беріп, қымбат асыл тастармен көмкеріп жасата бастады.
Ал Батыс Еуропа жұртшылығы сырғаларға тез жолай қоймады. Сырғалар оларға тек итальяндық сән ісінің қайта өрлеу тұсында ғана таныла бастады. Еуропалықтар сырға тарихына талай рет жаңалықтар әкелді.
Қазіргі заманғы сырғалар – нағыз өнер туындылары.
Түрлі металдардан, түрлі сәнмен жасалып жатқан бүгінгінің сырғаларын мақтауға сөз жетпейді. Қалаған адам қалаған әшекейін сатып ала алады. Тек қалтасы көтерсе болғаны...
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: artbiju.ru, verh.info, fdgold.ru