Табиғатты ақ көрпесіне орап, аязды патшалығын құрған Қыс мезігілі. Қуарған ағаштар. Жалаңаш орман. Көк мұздың астында ыңырсып жатқан өзендер. Ақ сұр бұлт пен аппақ қардың астында іштей егіліп жатқан таулар... Қандай қатігез маусым десеңізші! Осындайда көңілімізге шаттық ұялатып, солған үміттің отын жағатын жалғыз ермек – қысқы ойындар десек, артық айтқандығымыз емес. Арамызда шанамен, шаңғымен, конькимен дос болмаған адамдар кемде-кем болар. Сондықтан қысқы достарымыз туралы біршама әңгіме өрбітіп көрелік. Әңгімемізді балалық балдәурен шақтың тәтті елесіне айналған ең сүйікті әрі ең алғашқы жеке көлігіміз - шанадан бастауға қалай қарайсыздар?
Шаналар - қадым замандардан бері балалар мен ересектердің сүйікті ермегі ғана емес, аса танымал және күй таңдамайтын көлік қызметін атқарып келеді. Тарихшы ғалымдар шаналар дөңгелектерден бұрын пайда болған дегенді айтады. Бірнеше ғасырлық тарихы бар бұл көліктің өте көп түрі бар: сүйретпе шаналардан бастап, заманауи әуе шаналарына дейін жасалып үлгерді.
Б.з.б. IV ғасырларда құрлық көлігі қызметін қолға үйретілген жануарлар атқаратын еді. Дәл осы кезде Шығыс Еуропаның қарлы жазықтықтарын мекендейтін тайпалар ағаштан жасалған жеңіл шаналар ойлап тапты. Оларды иттерге, бұғыларға жегетін болғандықтан, «ит шана», «бұғы шана» деп атайтын болған. Алғашқы шаналар бүгінгілерге мүлде ұқсамайтын. Олардың қалдықтары Финлияндия жерінен, Солтүстік Оралдан, Балтық жағалауларынан табылды.
Ертеде олардың патшалар мен ақсүйектерді алып жүретін түрі де болған екен.
Кейіннен бұқаларға жегілетін, құрғақ шөпте де оп-оңай жүре алатын шаналар ойлап табылды.
Балалардың сүйікті ермегіне айналған шағын шаналардың алғаш рет қашан және қайда пайда болғандығын ешкім дөп басып айта алмайды. Әйтеуір, қылышын сүйреп келген қысты шана сүйреп қарсы алу - бүгінге дейін жалғасып келе жатқан дәстүр.
ХХ ғасырдың басында, яғни 1908 жылы А.С. Кузин атты инженер механикалық қозғалтқышы бар шана жасап шығарды. Авиациялық қозғалтқышпен жабыдықталған бұл өнертабыс бір мезгілде 70км/сағатты бағындырған.
Бүгінде шаналардың танымалдығы соншалықты, олар қысқы спорт түріне айналып, қысқы Олимпиада ойындарына енді.
Суреттер::freeszone.in.ua,joyreactor.cc,gandex.ru,positiveland.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева