Суретке түсірудің ережелері туралы әңгімемізді жалғастырамыз.
4. Диагональдарды пайдаланыңыз. Бұл әдістің ерекшелігі сол - суретке қараған адамның көңіл-күйін басқаруға болады.
Кейбір объектерді мына суреттегідей диагональ бойымен алған дұрысырақ болады. Диагональ сызықтары төменгі оң жақ бұрыш пен жоғарғы сол жақ бұрышты қосып тұрса құба-құп. Осыған қатысты адам психологиясы туралы бірінші пунктте айтып өткенбіз. Бұндай фотосуреттер адамның жүрегінде болашақ туралы әдемі ойлар турдыруы мүмкін.
5. Түсіру нүктесі. Көп адам суретке түсіргенде өз бойының дәрежесінде тұрып қана іске кірісе беруі мүмкін. Бірақ бұл әдіс әрқашан пайдалы бола бермейді.
Мәселен, бойы аласа адамды төменгі ракурспен алатын болсақ, ол ұзынырақ болып көрінеді. Спорттық сайыстарда да көбіне төмен жақтан түсіреді. Бұл фотосуретке динамика беріп, секіру биіктігін айқындай түседі.
Ал жоғарғы ракурстан түсірілген суреттер айналадағы объектілерге көз салуға итермелейді. Яғни кеңістікке акцент қойғысы келген фотограф осылай істегені дұрыс.
6. Фон. Көзімізге жылы ұшырап, ұнаған сәтті суретке түсірместен бұрын, оның артқы жағындағы фонына назар аударған жөн болады.
Акцент қойылған элементтен артық объект кадрде болмаған жөн. Бұл көз салушының назарын басқа жаққа бұрып, фотоның бастапқы идеясынан алшақтатып әкетеді.
7. Қарапайымдылық. Бұл жоғарыдағы алтыншы пунктке қосымша десек те болады. Фотосуретте назарды аулап тұратын элементтің көп болуы суретті әсерсіз етеді. Және идеядан жұрдай қылады.
Сондықтан кадрде назарды аулайтын объектілердің біреуден көп болмағаны дұрыс.
8. Контраст. Басты объект барынша контрастты, анық болғаны дұрыс.
Ал оның анық болуы фонындағы басқа объектілердің түсі мен қанықтылығына тікелей байланысты. Мәселен ашық түсті элементтерді қою түстің фонында, ал қою түсті элементтерді керісінше фонда түсірген жөн болады.
суреттер: sergio.at.ua, fotoxp.ru