- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- "Сөз ұғады, темекі...
"Сөз ұғады, темекі шегетіндерді жақтырмайды"
"Ит – адамның досы" деп мектеп кезінен шығарма жазып, бала кезден-ақ жадымызға тоқып келеміз. Қазақ халқы итті жеті қазынаның қатарына қосқан. Ерекше қадірлеп, адалдығына айрықша сенген.
Ит – адамның сенімді серігі, айнымас досы. Алғаш қолға үйретілген жануарлардың бірі. Мыңдаған жылдан бері адаммен ара достығы ажыраған емес. Ажырайды деп сену де қиын. Ит жайлы талай дүние білсек те, зерттеушілер соңғы жылдары анықтаған тағы бір қасиеттерін есітіп еріксіз таңданасың. Олай болса, айта отырайық.
Ит адамның жүзіне қарайды
Адамның жүзіне қарап көңіл-күйін ажырата алу қасиеті өзге тіршілік иелеріне қарағанда иттерде ерекше жетілген екен. Егер итіңіз бетіңізге ұзақ қарап тұрса, демек ол сіздің жан дүниеңізді түсінуге тырысып жатқаны.
Ит адам бойындағы ауруды сезеді
Неміс зерттеушілері иттердің осындай ерекше қасиеті барын айтып-ақ жүр. Тіпті кей киноларда да көрсетіледі. Ит иіс арқылы адам бойындағы кей ауру түрлерін анықтай алады екен. Қазір әлем ғалымдары назарын аудартуда. Бұл әдіс онкологиялық дерттердің алдын алуға сеп болуы бек мүмкін.
Темекі иттердің денсаулығына да зиян
Иттер темекі шегетін адамдарды жақтыра қоймайды. Шылымның түтіні олардың денсаулығына да айтарлықтай зиян келтіреді екен. Жас балаға қалай әсер етсе, иттерге де солай зиянын тигізеді.
Әлемде мұрын іздері бірдей иттер жоқ
Адамдардың саусақ іздері бір-біріне ұқсамайтыны секілді иттердің де мұрын іздері бір-біріне ұқсайтындары жоқ.
Иттерге шоколад беруге болмайды
Шоколад құрамында теобромин уытты заты болады. Адам ағзасына ол қауіпті емес, қорытылып кетеді. Ал иттердің қорытуы ұзаққа созылады. 100−150 мг теобромин оның уланып қалуына жеткілікті.
Кішкентай иттер көбірек өмір сүреді
Статистика бойынша үлкен иттерге қарағанда кіші иттер көбірек өмір сүреді. 9 кг салмаққа дейінгі иттер 11 жылдай өмір сүрсе, 40 кг-нан асатын иттердің өмірі 8 жылдан аспайды екен.
Ит ағзасы жылуды реттеп отырады
Адамдар сияқты иттер ыстық пен суықты айқын сезінеді. Бірақ олардың ағзасы жылуды реттеп отыруға бейімделген. Иттердің ыстық күнде аузын ашып, тілін салақтатып жатқанын талай көрген боларсыз. Олар осылай жасау арқылы денедегі жылуды реттейді.
Иттер – нағыз иіссезгіш тіршілік иесі
Ит мұрнында 300 миллионға дейін иіс сезетін рецепторлар болады. Адамда 6 миллион шамасында. Демек иттер адамнан иіске келгенде 50 есе сезімтал келеді.
Иттерге де мұра қалдырады
Артында қалған итіне байлығын мұра ретінде қалдырғандар жайлы естіген де боларсыз. Расымен кей елдерде мұндай жағдай сирек болса да ұшырасады. Адам санасына кіріп шықпайтын байлығын қалдырғандар да бар. Әсіресе, АҚШ-та мұндай оқиғалар көп. Ең бай мұрасы бар иттердің бірі – немістің Гюнтер Үшінші деген овчаркасы. Оған иесі 80 миллион долларды мұра ретінде қалдырған.
Иттер де қызғанады
Зерттеушілер иттердің де қызғана алатынын, күндейтінін дәлелдеп отыр. Мұндайда адам секілді олардың ағзасынан да окситоцин гормоны бөлінеді.
Сөзді есте сақтай алады
Иттер – ақылды тіршілік иесі. Оны талай аңғарған да боларсыз. Иесінің айтқан тілін иттер де баршылық. Зерттеушілер иттердің 150-ден 250-ге дейін сөзді ұғып, есте сақтай алатынын дәлелдеген.
Иттерге де ықылық тиеді
Иттерге де адам секілді ықылық тиеді. Себебі де сол – артық тамақ ішу, асты жылдам ішу, тоңазу мен күйзелу. Кей ғалымдар «иттер ықылық арқылы жүгірген кезде асқазанға жиналған ауаны шығарады» - дейді.
Иттер қан қысымының төмендеуіне көмектеседі
Иә, бұл ғылыми түрде дәлелденген. Иттермен ойнап, оларды еркелетсең, артериялық қан қысымы қалыпқа келеді екен. Олармен серуендегенде, ойнағанда адам жаны тынышталып, күйзеліске қарсы гормон бөлінеді.
Н. Үсенова