SMS туралы қызықты деректер

SMS туралы қызықты деректер

Қазіргі таңда әр адамның қалтасында бір, не болмаса екі, тіпті кейбіреулерінде үш ұялы телефон бар. Заман талабына сай әр адам мобильді болуы керек, яғни жылдам қозғалып, барлық жүріс-тұрыстарын, ойдағы жоспарларын іске асыруы қажет.

Иә, адам мобильді болуы үшін оған кішкентай көмекші қажет. Ол көмекшінің аты - ұялы телефон. Дәлірек айтсақ, ұялы телефонның көмегімен қысқа хабарламаларды жіберу мүмкіндігі. Күніне жақындарымызға бірнеше SMS жібермесек, өзімізді бір шаруаны бітірмегендей сезінеміз. Қысқа хабарламаларды қабылдап/жіберу дүние жүзіндегі миллиондаған адамдардың күнделікті әдетіне айналып кеткен. SMS хабарламалары жайлы шағын ғана деректер топтамасын сізге ұсынамыз.

"SMS" ағылшын тілінен (Short Message Service) "қысқа хабарламаларды жіберу қызметі" деп аударылады.

Nokia телефондарына қысқа хабарлама келіп түскендегі құрылғының шығаратын дыбысы Морзе коды болып табылады. Бұл дыбыс «SMS» дегенді білдіреді.

GSM стандартындағы қысқа хабарламаның максимал өлшемі 140 байт болғанымен, бір тілден екінші тілге кері кодтау айырманың кесірінен бір хабарламаға кириллица қаріпінде 70, ал латын қаріпінде 140 таңба теруге болады.

Статистика бойынша, барлық ұялы телефон қолданушыларының тек 40%-ы қысқа хабарламалар жіберу қызметіне жүгінеді.

Психологтардың пайымдауынша, SMS хабарламалар мен виртуальды әлеуметтік желілердегі белсенді қарым-қатынас адамды өтірік айтуға итермелейді.

АҚШ тұрғындары SMS жіберу бойынша дүние жүзінде алғашқы орынды иеленіп отыр. Олар жылына шамамен 830 миллиард қысқа хабарламаларды жібереді екен.

Алғашқы SMS 1992 жылы 25 желтоқсан күні компьютерден Vodafone желісінде жұмыс істеген ұялы телефонға жіберілді. Хабарламада: «Merry Christmas!» деп жазылды. Бір жылдан кейін қысқа хабарламаларды жіберу қызметін бүкіл Еуропа пайдаланды.

Португалия азаматы Педро Матиас (Pedro Matias) LG enV3 телефонымен 264 таңбалы хабарламаны 1 минут 59 секунд ішінде теріп, Гиннесс рекордтар кітабына енді.

Virginia Tech Transportation Institute жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, жолда көлікпен келе жатып, SMS оқып, не болмаса жазып тұрған адамның қарапайым жүргізушіге қарағандағы жол апатына түсу ықтималдылығы 23 есе көп.

Сурет: oskemen.info