Швейцария ғарыштағы қоқыстарды жинаумен айналысады (видео)

Үш жыл бұрын Лозанна қаласындағы Швейцария Федералды политехникалық жоғарғы мектебі (EPFL) Жер орбитасында айналып жүрген жасанды қоқыстарды жинап, оларды атмосфераның жоғарғы қабатында жағып жіберетіні туралы хабарлаған. CleanSpace One деп аталатын аппарат қоқысты қашықтан анықтай алатын механизммен жабдықталмақ. Ал жақында EPFL ғалымдары аппарат дизайнының біршама өзгергенін мәлімдеді.

Жаңа зондтың мақсаты – қоқысты орбитасынан суырып алып, Жер атмосферасына бағыттау. Ал оның ғарышқа ұшырылу уақыты 2018 жылға жоспарланған.

Айта кетсек, CleanSpace One аппаратының бірінші миссиясы істен шыққан SwissCube спутнигі болмақ. Себебі, аппараттың көлемі үлкен болғандықтан, айналу орнын табу қиынға соқпайды. Бұл аппараттың ғарыштағы бірінші жұмысы болмақ.

Жер орбитасындағы қоқыстардың жалпы көрінісі

CleanSpace One аппаратын арнайы алгоритммен жабдықталған компьютер басқарып отырады. Арнайы бағдарлама орнатылған компьютер нысанаға алынған қоқыстың айналу жылдамдығы мен бұрылу траекториясын анықтап, аппаратты соған сай бағыттайды. Ал миссияның ұқыпты орындалуын динамикалық кеңістікке арналған камералар бақылайды.

Естеріңізге сала кетейік, ғарыштағы қоқысты жинау аппаратының алғашқы концептін Батыс Швейцариядағы жаратылыстану ғылымдары университетінің студенттері ұсынған. Олар бүгінде өз жобасының іске асуына атсалысып келеді.