Осы күні өмірімізді шайсыз елестете алмай қалдық. Құдайдың құтты күні осы шайдың миллиондаған тоннасы ішіліп жатыр. Осы орайда көпшілік бұл сусынның ең алғаш емдік құрал ретінде пайдаланылғанын білмеуі мүмкін. Шайдың пайдасы туралы әңгімелеп өткенбіз. Бүгін шайдың құрамын тарқатып айтайық.
Расында да, зерттеушілердің айтуынша, шайдың құрамындағы дәрумендер жүректің жұмысына оң әсерін тигізіп қана қоймай, жалпы ағзаға да пайда келтіреді екен. Ұйқышылдықты сейілтіп, адамға сергектік сыйлайтыны да мәлім. Сусынның бұл әсері оның құрамындағы кофеин алколоиды мен оған туыс пурин қосылыстарының себебінен байқалады екен (теобромин және теофиллин).
Шай плантациясы
Сонымен қатар, шай құрамында танин комплекстері, амин қышқылдары, минералдық тұздар, органикалық қышқылдар болады.
Енді дәрумендер туралы аздап айтып өтелік. Шай құрамындағы дәрумендерді зерттеген ғалымдар көп болған. Содардың бірі ретінде орыс ғалымдары И.Голяницкий мен М. Ануфриевті айтуға болады. Барлық ғалымдардың бірауыздан айтатыны - шайда С дәрумендерінің көп екендігі. Басқаша айтсақ, бәріміз білетін кәдімгі аскорбин қышқылы. Көптігі соншалық, біртектес өсімдіктердің арасындағы С дәруменіне ең бай өнімдердің бірі осы шай болып табылады. Бірақ бұл дәрумендер зауыттарда жүргізілетін технологиялық өңдеу кезінде біраз азайып қалатындығын айта кету керек.
Шай құрамынан сонымен қатар, Егоров және Бредфорд атты ғалымдар В тобындағы дәрумендерді тапқан. Атап айтсақ, антиневрикалық B1 дәрумені (тиомин), В2 дәрумені (рибофлавин), антиаллергияық РР дәрумені (никотин қышқылы), сонымен қатар, пантотен қышқылдары.
сурет: ru.wikipedia.org, citypictures.org