Кеше ғана төрімізден орын алған қоңыр күздің негізгі нышаны - жасыл түсін жоғалтқан жапырақтар десек, артық айтқандық емес. Жыл сайын Табиғат-Ана сары көйлегін киіп, қызыл көрпесіне оранып жатқанда, «неге жапырақтар түсін өзгертеді? Жап-жасыл түсін сақтап қала берсе болмай ма?» - деген сауалдар қойып көрдіңіз бе? Қойдыңыз, бірақ жауабын таппадыңыз ба? Олай болса, бірге жауап берейік!
Өсімдіктердің жапырақтары жасыл реңді иемденген, өйткені өсімдік жасушасының құрамында хлорофилл атты пигмент бар. Хлорофилл күн сәулесін жұтады да, оның энергиясын нәрлі заттарды синтездеуге жұмсайды. Бұл туралы мектепте биология пәнінің мұғалімі талай айтқан да болатын. Алайда, күз кезінде көптеген өсімдіктер өзінің жасыл реңін жоғалтып алады. Мәселен, теректің жапырағы алтын түсті, ал үйеңкінікі қызыл түсті иемденеді.
Бұл жерде сіздің берер жауабыңыз айдан анық. Күн сәулесі аз түсетін болғандықтан, хлорофилл бойында түрлі өзгерістер болып, жапырақтар өз түсін жоғалтып алады. Бірақ, неге бөлме өсімдіктерінің түсі өзгермейді? Екеуіне түсетін күн сәулесі ортақ емес пе?
Күз мезгілі басталысымен, өсімдіктердің барлығы адамдар секілді қысқа дайындықтарын бастайды. Құнарлы заттар біртіндеп жапырақтардан бұтақтарға, діңдерге, тамырларға өте бастайды. Дымқыл тұман жерді басқан ызғарлы күндері сол жерлерде паналайды да, көктем келісімен, бұтақтар мен тамырлар күзде өздеріне келген құнарлы заттарды жапырақтарын жасыл түске бояуға жұмсайды.
Осылайша құнарлы заттардың өту процесі өз мәресіне жете сала, хлорофилл синтезі тоқтайды. Жапырақтарда қалып қойған хлорофиллдер бірте-бірте ыдырайды да, басқа түстің пигменттері пайда болады. Кейбір өсімдіктердің жапырақтарында сары және қызғылт сары (сәбізді сарғылт түске бояйтын каротин атты заттың әсерінен), қайыңдар мен жаңғақ талдарының жапырақтарында ашық-сары пигменттер пайда болады.
Ал қызыл, шие түсті және қарақошқыл түстерді шалғам, қызыл орамжапырақ, раушан гүлдері мен қазтамақтар иемденді. Өйткені мұндай пигменттердің құрамында қызыл түс беретін антоцианин бар.
2001 жылы Монтана университетінің ғалымы Уильям Хоч өзінің жүргізген зерттеуінің нәтижесінде, қызыл түстің ағаштарға жапырақтарды көбірек ұстап тұруына және азот жинақтауына жәрдем беретіндігін дәлелдеп шықты.
Ең жарқын, тұщымды түсті жапырақтарды күздің құрғақ суықты және күн шуақты күндерде көруге болады. Күздің күндерінде жапырақтардың ең әдемі түстерін көргіңіз келсе, Вермонт штатына немесе Ұлыбритания жеріне барсаңыз болады.
Күзгі саяхат барысында бұл жерлерде болған туристер ертегі әлеміне еніп кеткендей күйге бөленіп, мәңгі естен кетпес әсерде болады.
Суреттер:prousa.ru,djesforum.ru,liveinternet.ru,baby.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева