Сағыз шайнау – ауыз қуысында қалған тамақ қалдығын жоюдың ең тиімді тәсілі. Сағыз өндіру саласы бойынша зерттеу жүргізуші Wrigley Science Institute бағдарламасы өз жұмысын бастаған болатын. Әлі нақты ақпарат бермесе де, осы уақытқа дейін сағыздың пайдасы мен зиянын зерттегендер аз болмады. Мысалы:
• 2004 жылы Иллинойс университетінің (University of Illinois) зерттеушілері сағыз тістің бұзылуына жол бермейді деген шешімге келген. Тәжірибе барысында даршын дәмі бар сағыз ауыздағы жағымсыз иіс тудыратын бактерияларды 50 пайызға дейін жоятынын анықтаған. Зерттеушілер мұның себебі тек құрамындағы даршын әсерінен емес, сағыз шайнау барысындағы сөлдің бөлінуімен байланыстырған. Оған қоса, ауыз қуысынан бөлінетін сөл құрамындағы минералдар (фосфат пен фтор) тістің эмалі бұзылған кезде оның қайта қалпына келтіру үшін қажетті элементтер екенін ұмытпаған жөн.
• Нортумбрия университетінің (Northumbria University) психолог мамандары сағыз адамның есте сақтау қабілетін жақсартатынын анықтаған. Тәжірибе барысында сағыз шайнаған қатысушылар сөздерді есте жақсы сақтаған. Зерттеу авторлары оны сағызбен емес, нақтырақ айтсақ, шайнау үрдісімен байланыстырады. Шайнау барысында жүректің жиырылу жиілігі арта түседі (онымен бірге миға оттегі түседі). Кейін осы зерттеу тобы сағыз мазасыздықты жойып, күйзелістен арылуға мүмкіндік беретініне көз жеткізген.
• 2006 жылы Journal of the American Medical Association басылымында жарыққа шыққан зерттеу жұмысына сүйенсек, тоқ ішекке жасалған отадан соң сағыз шайнау, емделушінің тез арада сауығуына әсер етеді. Себебі, сағыз тамақ секілді жүйке талшықтарын қоздыру арқылы, асқорыту қызметінің қайта қалпына келтіретін гормондарды оятады.