Егер сіздің жұмысыңыз компьютермен тікелей байланысты болса, онда сізге уақытыңызды үнемдеудің тәсілдері керек-ақ. Олай болса, төменде келтірілген негізгі сегіз кеңеске назар аударыңыз:
1. Жұмыс орныңызға кеңістік таңдап алыңыз. Әр затты өз орнына қойыңыз. Әр файлды өзіңіз таңдап алған папкаға орналастырыңыз. Бұл іздеген нәрсеңізді тез арада табуға мүмкіндік береді. Бір рет қана осыған уақытыңызды бөлсеңіз, одан соң ешқашан жоқ іздеп уақытыңызды кетірмейтін боласыз.
2. Ақпаратты іздеп үйреніңіз. Іздеу жүйелері - интернетте ақпарат іздеудің ең қолайлы тәсілі екені белгілі. Бірақ бірнеше секунд аралығында қалаған ақпаратыңызды алу үшін ол жүйелермен де дұрыс жұмыс жасап үйренген жөн.
3. "Тез орындау батырмаларын" қолданыңыз. "Тышқанның" жұмысы компьютердегі операцияларды едәуір жеңілдететіні сөзсіз. Бірақ "тез орындау батырмалары" арқылы жасалатын жиырма шақты комбинацияларды үйреніп алсаңыз, жұмысыңыз одан да жеңілдеп, компьютер жұмысы да шапшаң бола түседі. Ал сіз бұл арқылы бірнеше минутыңызды үнемдейсіз.
4. Пернетақта бетінде саусақпен шапшаң "жүгіріп" үйреніңіз. Егер сіз күніне компьютер алдында кем дегенде 3 сағат отырсаңыз, онда сіз үшін пернетақта бетінде "жүгірудің" мәні үлкен. Жұмысыңызды жеңілдетіп, уақытыңызды үнемдеудің ең оңтайлы тәсілі де - осы. Көп адамдар осы әріп теруге келгенде уақытының біразын жоғалтатыны бар. Ал бұл тәсілді меңгерсеңіз, сіз уақытыңызды екі есеге дейін үнемдей аласыз.
5. Дұрыс құралдарды пайдаланыңыз. Өз жобаңызға арналған керекті құралдарды іздеу де бірнеше уақытты алатыны белгілі. Сондықтан оны да тиімді жолға қойыңыз.
6. Автоматизацияны қолданыңыз. Барлық процестерді қолмен емес, оларды автоматтандыруға машықтаныңыз. Автоматтандыру сізді керек емес іс-әрекеттермен айналысу мүмкіндігінен айырады. Бұл да сіздің алтындай уақытыңызды үнемдеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
7. Қарапайым тапсырмаларды кейінге қалдырмаңыз. Ұсақ-түйек жұмыстар да жиналып, үлкен жұмысқа айналатыны белгілі. Сондықтан егер бұл жұмыстар екі минуттан аз уақытты алатын болса, онда сіз оларды дереу бітіріп тастауға тырысыңыз.
8. Алдыңызға нақты мақсат қойыңыз. Егер сізде алға қойған нақты мақсат болмаса, онда сіз бүкіл уақытыңыз бен күшіңізді текке жұмсаған боласыз. Тек қана нақты анықталып алынған мақсат қана жетістікке әкелетіні белгілі. Сондықтан егер сіз жетістікке жету жолында үнемі сәтсіздікке ұшырап жатсаңыз, мақсатыңызды қайтадан қарап көріңіз. Мүмкін қате сол сіздің мақсатыңызда жатқан шығар.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: office.com