Сіз, бәлкім, попкорндардың тарихынан хабарсыз боларсыз? Онда бүгін біз сіздерге осы бір дәмді қытырлақтың қайдан пайда болғаны туралы айтып бермекпіз.
Попкорн – ескіден бері келе жатқан тағам түрі. Ең ежелгі попкорнның собықтары Нью Мехико жеріне жақын Бет Кейв үңгірінен табылған. Собықтың сақталғанынан 5600 жыл болған.
Перудің жер қазушылары шамамен 1000 жыл бұрыннан қалған попкорнның дәндерін тауыпты. Зерттеушілердің айтуынша, Мехико жерінде өртелген өлік сүйегін салатын сауытта табылған жүгері құдайының бас киімінде попкорн бейнеленген көрінеді.
16 ғасырда Кортес Мексикаға басып кірген кезде, жергілікті өңірлердің бірінде попкорнмен алғаш танысқан. Ол уақытта попкорн жергілікті ацтектердің күнделікті тағамы ғана емес, сол кездегі салтанатты жиындардың басты дәміне де айналған. Бұл жөнінде испан білгіштері: «Жас әйелдер попкорн биін билеген. Олардың киімдеріне және бас киімдерінде попкорнның суреттері болған. Оның үстіне биші бикештер арнайы попкорннан киім жасап киген... » Сонымен қатар, испандық тарих беттерінде: «Олар ацтектердің ежелгі құдайларының алдына қуырылған жүгеріні шашып жіберген. Мұндай қуырылған жүгеріні олар өздерінше басқаша атаған. Ол кездегі попкорнның алғашқы түрлерін қуырылған ақ гүлге ұқсайды деп бейнелейді. Олар (үндістер) мұндай жүгерілерді аса жоғары дәрежеде құрмет тұтқан», - деп айтылады.
Сол уақыттардағы попкорндардың арнайы саздан жасалған өз ыдыстары болған. Уақыт өте келе попкорнның ыдыстары металдан жасала бастады. Оның өзінде де түрлі бейнелі суреттер салынды. Ол кезде де дәл қазіргідей попкорнды қыздырып, майға қуырған.
Попкорнның қаржы шақыратын «дәурені» 1880 жылы басталды. Өйткені сол уақыттарда Америка Құрама Штаттарында алғаш рет ауылшаруашылық құжаттары күшіне ене бастады.
1885 жылы Чарли Криторз ең алғаш рет попкорн дайындайтын құрылғыны ойлап тапты. Осы уақытқа дейін адамдар попкорнды өз күштерімен қуырып, дайындап келді. Тіпті оның ыдысының да көлемі өзгеше болған еді. Попкорн дайындайтын құрылғы өмірге келген соң, поп-корн өндірісі жандана бастады. Дүкендерге қойылып, халықтың көңілін аулады. Мұндай өнімнен әлі де ауыз тиіп көрмеген жұрт алғаш рет дәмін көріп, мәз боп жатты.
Кейінірек попкорн сатушы адамдар айла тапты: Олар попкорндарды көпшілік көп жиналатын орынға қою керектігін түсініп, бір құшақ попкорнды кинотеатрлардың алдына алып барып сата бастады. Чарли Криторз осыған сай кинотетарларда тез, әрі жедел түрде попкорн дайындайтын құрылғыны жасады.
Демек, бүгіндері кинотеатрларда сіздерді ыстық попкорнмен қамтамасыз етіп жүрген құрылғылардың тарихы тым тереңде екен. Сонымен қатар, оның авторының Чарли Криторз екендігін де біле жүргейсіздер.
Үй попперлері 1925 жылдан бастап пайда болды.
Ал 1945 жылы Перси Спансер шикі попкорнды қалай ісіріп пісіруге болатындығы жөнінде ақыл тапты. Оның әр дәнінің көлемін арттырып, ісіру үшін бүгінгі қысқа толқынды пештердің керегі болды. Осыдан кейін бұл эксперимент басқа да тағам түрлеріне жасалды. Сондықтан бүгінгі техникалардың бірі саналатын қысқа толқынды пештердің де попкорн өнеркәсібімен байланысты болғаны ғой?
1890 жылдан бастап Ұлы Депрессияға дейін попкорн ұлттық тағам ретінде қолданылып келді. Көше сатушылары сыртта серуен құрып жүрген көпшіліктің артынан жүріп, адам көп жиналатын көрмелер мен жәрмеңкелерге арнайы бас сұғып, саябақтар мен қала көшелерінде попкорн саудасымен айналыса бастады. Түрлі байқаулар мен карнавалдар да попкорн саудасынсыз өткен жоқ. Сатушылар өздерімен бірге попкорн жасайтын құрылғыны да сүйрей жүріп өздерінше нандарын тауып жеді.
Ұлы Депрессия кезінде, жоқшылық пен ашаршылық адамдардың алқымынан алған шақта, олар осы попкорнмен күнелтті. Оны сатып, өздеріне басқа жейтін тағамдарды алды. Кейбірі тек попкорнмен күн көріп жатты. Бірақ сол кезде де попкорн саудасы алға басты.
Сол уақыттарда өз бизнесі көкке ұшқан бір кәсіпкер шамасы келгенше попкорн аппаратын сатып алып, қайта аузын майға тигізді. Жаңадан сатып алған попкорн жасайтын құрылғысын кинотеатрлардың қасына қойып алып, күні-түні саудасын қыздыра берген. Шамамен бір-екі жыл өткен соң, ол осы сауданың арқасында қалтасын қалыңдатқан. Оның попкорн саудасы арқылы тапқан қаражаты өзі жоғалтып алған бір ферманың санын үшке көбейтумен тең болған. Екінші Дүниежүзілік Соғыс кезінде бүкіл қант өнімдері соғысқа қарай жөнелтіліп отырды. Кондитерлік фабрикалардың жұмысы тоқтап, американдықтарға үш есе тұзды попкорндарды жеуге тура келді.
1950 жылдары әркімнің теледидар алуына жағдайы келе бастап, кинотеатрға баратын халықтың аяғы саябырсыды. Қаншама қиындықтан өтіп келе жатқан попкорн өндірісі үшін бұл ең «қайғылы» уақыт еді. Бірақ бұл күндер көпке созылмады. Кино көріп отырып попкорн жеуге дағдыланған американдықтар үйлеріндегі теледидар алдында отырып та попкорн жеуден бас тартқан жоқ. Осылайша, попкорн саудасы қайта аспандады.
Бүгінгі таңда бір американдық бір жыл ішінде орташа есеппен 65 литрлі попкорн ыдысын тауысады екен.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: valkris.uaprom.net, upakovano.ru