NASA ғарыш агенттігінің «Жаңа Көкжиектер» аппаратының Плутон туралы басты сұрақтардың бірін шешуге шамасы жетті. Соңғы тоғыз жыл бойы аталған жобамен айналысып келген ғалымдар тобы Плутонның нақты көлемін анықтады. Оның диаметрі – 2370 шақырым. Бұл осыған дейін болжанған нұсқалардан біршама көп болып шықты. Сол себепті, Плутон Нептун ғаламшарының арғы шегінде жатқан ең үлкен ғаламшар болып қайта тіркелді.
«Плутонның көлеміне қатысты мәселе 1930 жылы ғаламшар ашылғаннан бері қайта-қайта көтеріле берген еді. Біз бұл мәселеге нүкте қоя алғанымызға қуаныштымын», - деді Вашингтон Университетінің (АҚШ) ғалымы Билл МакКиннон.
Плутонның нақты көлемі анықталғаннан кейін оның басқа да сандық ақпараттары нақтылана түсті. Мысалы, оның тығыздығы ғалымдар ойлағаннан да аз екені белгілі болды. Осыған орай, ғалымдар Плутонның мантиясында судың қатты күйі (мұз) көп екенін болжауда. Сонымен қатар, ең алыс ғаламшардың атмосферасы (тропосферасы) да жұқа болып шыққан.
Айта кетейік, Плутон атмосферасының жұқа болуы оның нақты көлемін анықтау үшін ұтымды болған. Сондай-ақ, оның табиғи серігі Харонның көлемін анықтау да еш қиындық тудырмаған. Себебі оның да атмосферасы жоқ болып шыққан. Харонның диаметрі 1208 шақырымға тең.
«Жаңа Көкжиектер» ғарыш аппараты Плутонның Никта мен Гидра деп аталатын табиғи серіктерін зерттеген. Айта кетсек, олар 2005 жылы Хаббл ғарыш телескобының көмегімен ашылған болатын. Плутон миссиясымен ұшқан аппараттың LORRI атты қосалқы құрылғысы аталған спутниктердің көлемін де анықтаған. Никта диаметрі 35 шақырым болса, ал Гидранікі – 45 шақырым.
Одан бөлек, Плутонның Кербер және Стикс атауы берілген ең кішкентай спутниктерінің көлемін анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Ол үшін «Жаңа Көкжиектер» зонды Плутонды бірнеше рет айналып ұшуы тиіс болады.