- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Пайдалы қазбаның зияны...
Пайдалы қазбаның зияны
Жаһандану дәуірі жеткенде адамның уақытқа ілесуі емес, уақыттың адамға ілесуі қиындап кеткен сияқты. Желден жүйрік деп уақытты сөгетін ел қазір жаңа технологияның дамуына көз ілестіре алмай келе жатыр. Бірінен бірі өткен жаңалықтар торабы бір сәтке тоқталған емес. Солай бола тұра өркениеттіліктің жер бетінде бірдей деңгейде емес екенін де ескерейік. Төрт құрлықтан әлдеқайда артта келе жатқан Африка континентінің әліге дейін бұрынғы колоритінен жырақтамады. Әрбір этностың құндылығы сол күйлі сақтаулы. Бірақ сақталғанын қайтейік, күллі этникалық топ болып құрып кетіп жатқандары аз емес. Бұл туралы әңгіме бөлек. Біздің айтпағымыз байлықтың, қазынаның көзі болып табылатын пайдалы қазбалардың әкелген зияны жайында.
Адамның шаруашылық әрекеті табиғаттың өзгеруіне әсер ететін ерекше фактор. Адам еңбек пен ақыл-ойдың арқасында қоршаған ортаға бейімделумен қатар, оны өзгертеді. Сондықтан табиғатты өзгерту барысында адамзат оның кейінгі зардаптарын да ескеруі қажет. Табиғат кешендеріне кері әсер ететін озық ғылыми-техниканың тікелей қатысы жоқ. Ол өзгерістерге кінәлі прогресс емес, техникалық жобаларда адамның шаруашылық әрекетінің әсері есепке алынбаған. Жауын-шашын мөлшерін, топырақ ылғалдығын ескерместен топыраққа минералды тыңайтқыштар енгізу ол заттардың шайылып, өзендер мен бөгендердің ластануын туғызды. Мұның бәрі қаншама еңбек пен шикізатты зая кетірумен бірге, қоршаған ортаның жағдайын нашарлатады. Ірі бөгендер салуда аумақтың табиғат ерекшеліктерін ескермеу мезгілсіз батпақтануға, топырақ, өсімдік жамылғысы мен сол жердің микроклиматының өзгеруіне әкеп соғады.
Мәселен, әлемде ең бір қатты ластанған, орасан уланған қалалар бар. Ол жерлерде тазарту, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді дегенмен, адам баласының денсаулығына зиянды факторлар азая қоймаған. Осы көзқараспен әлемге бір сәт назар салсақ.
1. Чернобыль, Украина
Бүгінгі таңда осы ауданда радиациядан зардап шекккен адамдар саны 5,5 миллионды құрайды. 1986 жылы 26 сәуірдегі ядролық апат Чернобыльдағы сынақ кезінде АЭС-тің жарылысынан ядролық реактордың таралуы Хиросима және Нагасакиға тасталған атомдық бомбаның радиациясынан жүз есе күшті болды.
2. Сумгаит, Әзербайжан
Сумгаит – Кеңес үкіметінің аймақтық химикалық өндіріс орталығы болған қала. Қазірде ол аймақта ауыр металдық заттар, мұнай қалдықтары және т.б. химикалық заттармен уланған 275 мың адам мекен етеді. Бұл жердегі балалар генетикалық ауытқулармен туылады. Көбінесе ақыл-есінің кем болуы мен сүйек аурулары.
3. Вапи, Үндістан
Бұл қаланың аумағында 1000-нан астам өндірістік орын орналасқан. Вапидағы су мен ауа тазалығы қалыпты жағдайдан бірнеше есе ластанған. Бұл қаладағы уланған және әртүрлі аурулармен ауыратын адам саны өткен жылы 70 мыңға артты.
4. Тянжинь, Қытай Халық Республикасы
Тянжинь – Қытайдағы қорғасын өндірісінің орталығы. Қытайдағы ең лас жерлердің бірі. Ауадағы қорғасын құрамы қалыпты жағдайдан 10 есе артқан. Ал бидай өндірістік аймақтарында қалыпты жағдайдан 24 есе артық.
5. Сукинда, Үндістан
Сукинда әлем бойынша ең үлкен хром шахтасы орналасқан жер. Қалдықтың көп бөлігі өзен-көлдерге тасталатындықтан, қаладағы 2,5 миллионнан астам тұрғындардың 90 пайызы «аты жаман» аурумен ауырады.
6. Норильск, Ресей Федерациясы
Норильск Ресейдегі ең қатты ластанған жер болып табылады. Қалада әлемдегі металл өндіретін орталықтар (мыс, қорғасын, никель, селен, цинк) орналасқан. Қазіргі кезде ол жерде тыныс алу ауруларымен ауыратын 134 мың адам мекендейді. 2001 жылдан бастап қалаға шетел азаматтарын кіргізуге тыйым салынған.
7. Линьфынь, Қытай Халық Республикасы
Линьфынь – Қытайдағы көмір өндіретін орталық. Ауадағы газ және зиян заттардың көлемі қалыпты жағдайдан көп. Қалада пневмония, рак және бронхиттан зардап шеккен 200 мың адам мекен етеді.
8. Ла-Оройа, Перу
95 мың тұрғынның қандарында қорғасынның мөлшері көп болуы салдарынан ауыр дертке ұшыраған. Бұл аймақта қорғасын, мыс және цинк сияқты пайдалы қазбалар өндіретін американдық зауыттар орналасқан. Залалдың мөлшерін ащы жаңбырдың жиі жауатынынан-ақ аңғарсаңыз болады.
9. Кабве, Замбия
ХХ ғасырдың басында Кавбеде қорғасын және кадмидің көп мөлшері табылған. Бұл металдарды өндіру үшін көптеген өндірістер салынған. Ал бүгінгі таңда ауасы ластанып, уланған адам саны 250 мыңға жетіп отыр. Олардың қандары уланып, жиі құсып, жүрек айнып, өкпе және бұлшық ет ауруларына ұшыраған.
10. Дзержинск, Ресей Федерациясы
1930-1998 жылдары аталған өлкеде 200 мың тонна химикалық қалдық көмілген. Оның қатарында ең қауіпті деп саналатын нейротоксин де бар. Бұл аймақтағы су құрамы қауіпсіз жағдайдан 17 миллион есе артық. Қазіргі уақытта ол жерде 300 мың адам мекен етеді. Міне, қасірет! Орташа өмір сүру деңгейі – 45 жас.
Қазірде жер бетіндегі табиғат комплекстерінің адамдар қоныстанған көп бөлігі антропогендік өзгерістерге ұшыраған. Статистикалық мәліметтерді сөйлете берсек, тірі пенде атаулы өмір сүрудің мәні қанша деп қалуы мүмкін. Әйткенмен ол ойдың да асылық екені анық. Ендеше, табиғатты таза ұстаудың кепілі тек қана пайдалы қазбаларды ұқыпты игеруге келіп тіреліп тұрған жоқ. «Әркім өзінен бастау керек» атты қағидамен жүруге дағдылану керек-ақ. Түймедей іс түйедей түйткілдердің шешілуіне мұрындық болады, мәртебелі адамдар!
Жолдаған: Манас Қайыртайұлы
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: top10s.ru
Н. Айдархан