Өсімдіктер мен микроағзалар электр энергиясын өндіре алады

Голландияның Вагенинген университетінің ғалымдары топырақтан электр энергиясын алудың жаңа технологиясын тапты. Ғалымдар жасап шығарған Plant-Microbial Fuel Cell технологиясы бойынша, энергия алу үшін ең алдымен өсімдіктер мен бактерияға бай топырақ болса болғаны. Өсімдіктер тамыры өз кезегінде 70% топыраққа сіңетін органикалық материал бөліп шығатыны белгілі. Ал микроағзалар болса, оларды өңдеп, еркін электрондар кеңістігін қалыптастыра алады екен. Пайда болған электрондарды жинап алу үшін, топырақ жанына электрод орналастыру керек. 

Голландиялық мамандардың сөзінше, осындай технология бойынша 1 шаршы метр топырақтан 0,4 Вт энергия алуға болады екен. Ғалымдар болашақта оны жетілдіріп, 3,2 Вт-қа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз ауданы 100 шаршы метрді құрайтын топырақпен жабылған үй шатыры жылына 2800 кВт энергия тұтынатын бір үйді толық электрмен қамтамасыз ете алады деген сөз. Зерттеушілер энергия көзі ретінде кез келген өсімдікті қолдануға болады дегенді айтады. Олардың болжамы бойынша, дәл осындай технологиямен жабдықталған шатырлар 2015 жылға қарай үйлерді энергиямен толық қамтамасыз етпек. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: consciouslifenews.com, zhelezyaka.com