Нобель сыйлығына кімдер үміткер? #6

Нобель сыйлығына кімдер үміткер? #6
Фото: theglobalpanorama.com

Әлемдегі ең беделді ғылыми сыйлықтың лауреаттары анықталмас бұрын, жыл сайын болжам жасайтын америкалық Thomson Reuters компаниясының сарапшылары Нобельге үміткер бола алатын ғалымдарды атады. Айта кетсек, Thomson Reuters 2002 жылдан бері 37 ғалымның есімін анық болжаған.

Басы

Thomson Reuters компаниясының дәстүрлі болжамдарына сүйенсек, биыл экономика саласы бойынша Нобель сыйлығын сэр Ричард Бланделл есімді ағылшын экономисі иеленуі мүмкін. Ол бірнеше сараптамалық зерттеу институттары мен экономикалық қауымдастыққа басшылық етеді. Сонымен қатар, әлемде беделі зор Фриш медалі (2000) мен Жан-Жак Лаффон атындағы сыйлыққа (2008) лайық деп танылған.

Thomson Reuters сарапшыларының айтуынша, ағылшын экономисі микроэконометриялық талдауды жасағаны үшін осы жылы Нобель сыйлығымен марапатталуы бек мүмкін. Сэр Ричард Бланделл елдердің саяси көзқарасы мен шұғыл шешімдері әлемдік экономика нарығына тигізіп жатқан әсеріне кешендік талдау жасаған.

Одан бөлек, Джон Лист пен Чарльз Мански есімді америкалық экономистер де биылғы үміткерлер қатарында көш бастап тұр. Лист қоғамдағы қарапайым адамдардың экономикалық теорияларды ұғынуы мен олардың өмір сүру деңгейінің салыстырмалы шамасын анықтаса, Мански адамдардың экономикалық шешім қабылдау қабілетіне талдау жасаған.

Сарапшылар соңғы кезде микроэкономикаға қатысты экономикалық зерттеулердің көп екенін айтады. Мұны кіші бизнес өкілдерінің нарықтың бағытына қаншалықты әсер ететіндігін анықтаған француз экономисі Жан Тирольдің өткен жылы Нобель сыйлығын алғандығынан-ақ байқауға болады. Егер биыл да микроэкономика саласы басты назарда болса, жоғарыда айтылған мамандар ең беделді сыйлықты иемдену ықтималдығы жоғарылайды. Айта кетсек, өткен жылы Нобельді иеленген Жан Тироль Thomson Reuters сарапшыларының 2007 жылғы болжамдары тізімінде болған.

Уильям Кэмпбелл (АҚШ), Сатоши Омура (Жапония) мен Ту Юю (Қытай) есімді бактериолог ғалымдар медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының 2015 жылғы лауреаттары атанса, Артур Б. Макдональд (Канада) пен Такааки Каита (Жапония) есімді физиктер нейтринді осцилляцияны ашқаны үшін ең беделді сыйлыққа ие болды. Сонымен бірге, ДНҚ-дағы генетикалық ақпаратты сақтай отырып, жасушаларды емдеу әдісін ұсынған ұлыбританиялық Томас Линдаль және америкалық Пол Модрич пен Азиз Санкар (түрік текті америкалық) есімді ғалымдар химия саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленгені белгілі. Ал күні кеше аталған сыйлыққа «бүгінгі ғасырдың қасіреттері мен ауыртпалықтары шығармаларында көркемдікпен үндестік тапқаны үшін» белорус жазушысы Светлана Алексиевич лайық деп табылды. Оның «У войны не женское лицо», «Цинковые мальчики», «Зачарованные смертью», «Последние свидетели», «Чернобыльская молитва» атты кітаптары — шын мәнінде өзгеше дүниелер. Өткен жылы Алексиевич өзінің «Голоса Утопии» циклінің «Время секонд-хенд» аталатын соңғы кітабын шығарды.

Естеріңізге сала кетсек, Светлана Алексиевич Thomson Reuters сарапшылары жасаған биылғы үмітркерлер тізімінде болған еді. Компанияның осы жылғы сараптамалық жұмысындағы алғашқы дұрыс болжамы осы. Нобель комитеті бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты 12 қазан, дүйсенбі күні Астана уақыты бойынша 17:00-де жарияланады.

Ж. Өрісбай