Нобель сыйлығына кімдер үміткер? #5

Әлемдегі ең беделді ғылыми сыйлықтың лауреаттары анықталмас бұрын, жыл сайын болжам жасайтын америкалық Thomson Reuters компаниясының сарапшылары Нобельге үміткер бола алатын ғалымдарды атады. Thomson Reuters 2002 жылдан бері 37 ғалымның есімін анық болжаған еді.

Басы

Thomson Reuters компаниясы мамандарының болжамдарына орай, бейбітшілік саласында Нобель сыйлығын шіркеу қызметкерлері иеленуі мүмкін. Еуропада қоғамдық наразылықтар көбейгелі Ватиканда билік жүргізетін Рим папасы Франциск БАҚ жаңалықтарында тыныштықты аңсаған пікірлерімен жиі көріне бастады. Ал Эритреядағы (Шығыс Африка) католик шіркеуінің бас қызметкері Мусса Зераи Африкадан Еуропаға қашқан адамдарға үнемі қолдау көрсетіп отыр-мыс. Еуропаға жақсы өмірді аңсап бағыт алған қашқындар Муссаның байланыс нөміріне хабарласып, діни кеңестер алады екен.

Нобельге үміткерлердің қатарында Конго елінің азаматы, гинеколог Денис Муквеге бар. Ол азамат соғысы кезінде жеңсіқұмарлықтың құрбанына айналған әйелдердің қайта айығуына үлкен демеу болған.

Сонымен қатар, потенциалды үміткерлер қатарына АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері, бүгінде Ресейде тұрып жатқан Эдвард Сноуденді, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунды және Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымын қосамыз.

Айта кетсек, медицина және физика салалары бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары бірнеше күн бұрын белгілі болды. Уильям КэмпбеллСатоши Омура мен Ту Юю есімді бактериолог ғалымдар медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының 2015 жылғы лауреаттары атанса, Артур Б. Макдональд пен Такааки Каита есімді физиктер нейтринді осцилляцияны ашқаны үшін ең беделді сыйлыққа ие болды. Ал ДНҚ-дағы генетикалық ақпаратты сақтай отырып, жасушаларды емдеу әдісін ұсынған ұлыбританиялық Томас Линдаль және америкалық Пол Модрич пен Азиз Санкар (түрік текті америкалық) есімді ғалымдар химия саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары атанды.

Нобель комитеті бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреатын 9 қазан, жұма күні Астана уақыты бойынша 15:00-де жариялайды.

Жалғасы бар ...